BI Group уәде еткен Шымкенттегі жаңа ипподром құрылысы тағы жарты жылға созылмақ

Назерке Еркінбекқызы

Спортшылар қазір құрылыс алаңында жаттығуға мәжбүр

фото: Halyq Uni

Ат құлағында ойнайтын Шымкент спортшылары екі жылдан бері құрылыс алаңында жаттығып жүр. Себебі қаладағы жалғыз Атшабар ипподромының орнына BI Group компаниясы көпқабатты үйлер салып жатыр.

Қазір 100-ге жуық спортшы құрылыс компаниясы бөліп берген аядай жерде жарыс өткізіп, жаттығуға мәжбүр. Ал әкімдік уәде еткен жаңа ипподром әлі салынып біткен жоқ.

Қаланың бас жоспарына сай, заманауи атшабар кешені Бозарық тұрғын алабында салынады. Жаңа нысанда – жабыны бар жасанды жүгіру жолы, жаттығу алаңы, ат спорты бойынша жарыстар өткізуге арналған алаң, жабық мінбер, атқоралар, ветеринариялық-профилактикалық бекет, сондай-ақ құрама жемге арналған қоймалар мен сыйымдылығы 310 көлікті құрайтын автотұрақ салу жоспарланған. Атшабар құрылысы былтыр басталып, 2022 жылдың наурызында аяқталуға тиіс еді. Бірақ құрылыс жүріп жатқан жоқ.

«Келісім бойынша құрылыс компаниясы наурызға дейін қалада жаңа ипподром салып беруге тиіс болған. Алайда, компанияның Шымкентке тартуы пайдалануға берілмек түгіл, әлі салынып та жатқан жоқ. Спортшылар шаң-топырақтың арасында жаттығудан шаршады», - дейді мұнда жаттығатын спортшының анасы Елена Бакаева.

Екатерина Орловская есімді ат спортынан аға жаттықтырушы жаңадан салынуға тиіс атшабардың қаладан тым шалғайда орналасқанын айтады. Айтуынша, ипподром салынып біткен күннің өзінде ол жаққа қатынайтын бірде-бір қоғамдық көлік жоқ.

Ағамжаттықтырушы сүруге жатқызылған ат қора мен жабық манежде Қазақстанның ұлттық құрамасына кіретін спортшылар жаттығатынын айтты. Оның айтуынша, бір апта бұрын спортшылар жаттығатын аймаққа құрылыс материалдары мен жүк көліктері қойылған. Бұл спортшылар үшін қауіпті.

BI Group компаниясының өкілі Айдын Жакежанов спортшыларға жағдай жасалып отырғанын айтып, оларды күзге дейін шыдай тұруға шақырды.

Осыдан екі жыл бұрын Шымкент қаласындағы ипподромды басқа жерге көшіру, оның орнына көпқабатты үйлер салу мәселесі қоғамда қатты талқыланды. Тіпті, әкімдіктің бұл шешімі қоғам пікірін екіге жарды деуге болады.

Қала әкімдігі BI Group компаниясы Шымкентке 135 миллиард теңге инвестиция салуға дайын екенін желеу етсе, «Шымкент қалалық сәулетшілер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері ипподром орнына тұрғын үй кешенін салудың қажет жоқтығын айтты.

Әкімдіктің шешіміне қарсы шыққан топ бір компанияның қалауына бола Үкімет бекіткен Шымкент қаласының бас жоспары бұзыла сала ма деген уәж айтты. Олар қала сәулеті мен құрылысының жоспарға сәйкес атқарылуға тиіс екенін айтты.