Астанада клиентті ұрып-соғып, тонап кеткен шетелдік такси жүргізуші ұсталды
Оның көлікті басқаруға құқығы жоқ болып шықты
Елордада мас жолаушыны ұрып-соғып, тонап кеткен қырғызстандық такси жүргізушісі ұсталды, деп хабарлады Halyq uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 33 жастағы ер адам Алматы ауданының полиция бөліміне арызбен жүгініп, оны такси жүргізушісі тонап кеткендігін хабарлаған. Тергеу барысында, жолаушы масаң күйде қалада жүру үшін жеке тасымалдаушыны жалдағаны анықталды. Жолда келе жатып, такси салонында ол жүргізушімен жанжалдасып, оны қорлай бастаған. Шарбақты көшесінің бойындағы жол жиегіне тоқтаған такси жүргізушісі агрессивті жолаушыны көліктен сүйреп шығарып, оны ұрып-соғып, 100 мың теңгеден аса ақшасын тартып алған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер такси жүргізушісінің орналасқан жерін анықтады. Ол Қырғызстанның 37 жастағы азаматы болып шықты. Құжаттарды тексеру кезінде шетелдіктің көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екендігі анықталды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қырғызстан азаматы мойындау көрсетпелерін беріп, ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.