Көкшетаудағы чемпионат жасөспірімдер, жастар, ересектер арасында ұйымдастырылады
Жамбы ату мен теңге ілуден жасөспірімдер, жастар, ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ат үстіндегі мергендер біріншілігіне Қазақстанның барлық өңірінен спортшылар қатысады.
Оның ішінде, жамбы атудан әлем чемпионы Ералхан Айкөз, Бақдәулет Бабажан, Абзал Тұлыбеков те бар. Жамбышылар «қазақ», «түрік», «корей» стильдері бойынша мергендігін сынайды. Теңге ілудің халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ғалымжан Ізжанов та өнер көрсетеді. Теңге ілушілер 150 метр қашықтықта 7 теңге іліп үлгеруі керек.
Чемпионатты Қазақстан мәдениет және спорт минситрлігі Спорт және дене шынықтыру комитеті, ҚР ұлттық спорт қауымдастығы, Жамбы ату және Теңге ілу федерациялары мен Ақмола облысының әкімдігі ұйымдастырып жатыр.
Екі спорт түрі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге 7 000 000 теңге көлемінде жүлде қарастырылған.
Чемпионат Көкшетау қаласы Краснояр ауылының ипподромында 13-22 маусым аралығында өтеді.