Байрас Азаматов еліне оралғысы келетінін айтады
Былтыр Ресейде ішінара әскери мобилизация басталғанда мыңдаған адам елден кетті. Соның бірі – Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының магистранты Байрас Азаматов. Ол сегіз айдың ішінде ішінде бірнеше елде болып, бүгінде уақытша Қазақстанда тұрып жатыр. Башқұрт жігітінің мобилизациядан кейінгі тағдары мен Қазақстандағы өмірі туралы айтқанын қаз қалпында ұсынамыз.
«КӨШПЕНДІЛЕР СИЯҚТЫМЫЗ»
Ресейден былтыр қыркүйек айында кетіп Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия, Мысырда болып, соңында Қазақстанға келдік. Әйелім екеуіміздің осында келгенімізге екі ай болды. Жаз біткенше осында уақытша тұрамыз деп отырмыз. Көшпенділер сияқты уақытша тұрақтадық. Қазақстан біз үшін жақын, мәдениеті мен тұрмысы, басқа да аспектілер бойынша таныс.
Алғаш рет мұнда 2019 жылы келген едім. «Жастар жылы» аясында өткен іс-шараларға сарапшы ретінде қатыстым. Қазақстан халқы ассамблеясы мен башқұрт мәдени орталығымен байланысым бар еді. Жалпы қазақтармен алғаш рет Уфада университетте оқып жүргенде таныстым. Бізде қазақтар оқитын, соның ішінде башқұрт тілін оқу үшін келгендер болды. Қазір соның бірі Уфада башқұрт тілінен сабақ беріп жүр.
Өзім дала халықтарын жақсы көремін, сондықтан бұл ел туралы келмей тұрып жақсы пікірде болдым. Маған қазақтың еті ұнайды. Башқұртстанда Қазақстан десе ең алдымен көз алдына дала келеді. Әрине мұнда тек дала емес, өзен-көлі мен таулары бар. Бір ғана Алматының тауларының өзі неге татиды? Бұл жақта ең бірінші ұнаған нәрсе – қазақтар адамды сыйлайды, сіз деп сөйлеседі. Мейлі ол құрдасың болсын, жасы үлкен-кіші болса да ізет көрсетеді. Осыдан жылулық сезіледі.
Уфада университетті аяқтаған соң, Ранхигс (Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясы) магистратурада оқып әрі академия жанындағы Жоғары мемлекеттік басқару мектебінде жұмыс істедім. Менің жұмысым қоғамдық ұйымдар мен ұйымдастырушылықпен байланысты. Сондай-ақ жастар саясаты, әлеуметтік инвестиция тартумен айналысып жинаған тәжірибем бар. 2022 жылдың қыркүйек айында елден кеткеніммен қашықтан жұмыс істеуімді жалғастырдым.
«ҚАЗАҚСТАНДА ПРОГРЕСС БАРЫ БАЙҚАЛАДЫ»
Үш жылдан кейін келіп байқағаным Қазақстанда ивент, іскерлік алаңдардың көбейгені бірден көрінеді. Бұл ел Орталық Азиядағы еуропалық коммерциялық, мемлекеттік түрлі ұйымдармен өзара байланыс орнатуда ірі орталыққа айналып отыр. Жаңа мамандықтардың көбейгені байқалады. Әсіресе медиа саласында өте көп. Мәселен, мобилограф мамандығын мен бұрын білмедім. Ресейде енді пайда болып жатыр. Ал мұнда әр инфлюенсердің 2-3 мобилографы бар. Нi tech алаңдар, технологиялар көп. Қазақстанға келгенде достарым «Қазфорумға» шақырды. Осында тұрып жатқан аз уақытта іскерлік шараларды ұйымдастыру процессіне қатыса бастадым. Алматыда өткен HR форумның ұйымдастырушысы болдым. Мұнда қай жағынан алсақ та өсу үрдісі байқалады.
Жалпы, мұнда келгенде қандай да бір қиындықты көрмедім. Тек бесқонақ сияқты климаттық жағдай болмаса, айтарлықтай проблема болған жоқ. Соңғы апта аптап ыстық, оның үстіне мен тұратын экспо ауданында су болмай қалды. Бұл адами факторға байланысты емес деп ойлаймын.
Уақытша тұруға рұқсат алу үшін өтініш бердім. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы мен құжат тапсыру тәртібіне риза болдым. Шетелдің азаматы үшін өте тез әрі түсінікті. Көптеген келушілер үшін пәтер табуда қиындықтар болғанын білем. Бірақ бізде мұндай проблема болған жоқ. Біз осында бұрыннан тұрып жатқан башқұрт таныстарымыздың көмегімен таптық. Басқа елдермен салыстырғанда қиындық көрген емеспін.
«ЖАҚСЫЛЫҚТЫ ДА, ЖАМАНДЫҚТЫ ДА КӨРДІК»
Былтыр қыркүйекте Мәскеуден Анталияға кетеміз деп шештік. Сол кезде ұшақ билеті қатты қымбаттап кетіп, 600 мың рубльге дейін барды. Сондықтан Душанбе, одан Ташкент арқылы Түркияға келдік. Онда уақытша тұруға рұқсат алу үшін құжат тапсырдық. Көп уақыт кетті. Пәтер бағасы ол жақта да қымбаттаған. Тіпті біз бір жылдың пәтерақысы төлеп қойғанымызға қарамастан рұқсат бермеді. Оның үстіне риэлтор нашар адам болып шықты. Әр нәрсені сылтауратып ақша талап етті. Кейін ол риэлтордың көп адамды сан соқтырғанын білдік. Уақытша тұруға рұқсат бермеген соң, қысты жылы жақта өткіземіз деп Мысырдың Шарм-Эль-Шейх курортына келдік. Үш ай соңда тұрақтадық. Онда орыс тілінде сөйлейтіндер көп, климаты да жайлы, демалыс үшін жақсы. Бірақ ол жақтың тамағына үйрене алмадық. Бәрібір курорттық жерде ұзақ тұра алмайсың, жұмыс істеуге желкең жар бермейді.
Сол себепті әрі қарай Қырғызстан, Қазақстан мен Сербия үшеуінің біреуіне барамыз деп ойлана бастадық. Соңында Қазақстанға келдік. Бұл жақта туғын-туыстармен кездесуге мүмкіндік бар. Әке-шешеміз таныстарымыз арқылы Башқұртстаннан бізге ет, құр сияқты сәлемдеме беріп жіберді.
Егер осы аралықта біз барған бес елді салыстыратын болсақ, түріктің тағамдарын сағынамыз. Базардан таза табиғи өнімді арзан бағаға сатып алуға болады. Астанада біз сол жағалауда тұрамыз. Байқағаным қаланың оң жағалауында жеміс-жидекі сататын жерлер көп, жалпы қарапайым тұрмыстық жағдай жасалған. Ал сол жағалауда, әсіресе экспоның маңайында ондай игіліктер аз. Мұндағы баға біз болған елдердегі бағадан сәл қымбат.
Үш елдің ішінде Қазақстанды таңдағанымызға еш өкінбейміз. Осында жаздың соңына дейін боламыз. Әрі қарай қайда баратымызды шешуіміз керек.
«ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНУ ҮШІН БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ БАР»
Мен қазақ тілін түсінемін, тек сөйлесе алмаймын. Башқұрт тілінде аңлайым түсінемін деген мағынаны береді. Қазақстанда аңлайым деп айтсам ешкім түсінбейді. Мен үшін қазақ тіліндегі ең қиын сөз түсінбеймін деген сөзді айту болды.
Шынымды айтайын, қазақ тілін үйренейін деген құлшыныс жоқ. Жалпы қазақ, өзбек және қырғыз тілін үйренгім келмейді. Өйткені мен ол тілдерді онсыз да оқып, түсінемін. Тек сөйлей алмаймын. Бәлкім Қырғызстанда немесе Қазақстанда ұзақ уақыт тұратын болсам, онда үйренетін шығармын деп ойлаймын.
Негізі шетелде жүріп біз өзіміздің ұлттық тілімізде көп сөйлей бастадық. Қазақ және түрік тілдерінде кейбір сөздер бірдей мағынаны беріп, күнделікті қолданылады. Ал башқұрт тілінде көне сөздерге айналып кеткен.
Ресейден келгендерді бірден ұстап беретін сөз ол – теңге. Біз оны «тэнге» деп айтқан соң, бірден байқалады. Қазақ тілінде ата, әже деген сөздер ұнайды, жағымды естіледі. Башқұрт тілінде әжей өләсәһей, ҡартәсәй, ал ата олатай, картатай деп айтылады.
«ОТАНЫМА ҚАЙТҚЫМ КЕЛЕДІ»
Келіншегім медиа саласының маманы, бұрын түрлі мемлекеттік органдардың баспасөз қызметінде жұмыс істеген болатын. Ресейден кеткеннен кейін жаңа мамаңдықты үйреніп, қашықтан жұмыс істей бастады. Қазір ол – таргетолог.
Қашықтан жұмыс істеудің артықшылығы да, кемшілігі де бар. Адамға ұжым, социум керек. Алайда ковид бізді бұл форматта жұмыс істеуге үйретті.
Мен магистратуда оқығандықтан әскери борышымды өтеу кейінге қалдырылған. Бірақ сақтанғанды Құдай сақтайды. Біз кеткеннен кейін ешкім бізді іздеген емес, жақындарымызға қысым болды деп айта алмаймын.
Бұрын қоғамдық салада белсенді жұмыс істедім, жастарға арналған түрлі жобаларды жасауға қатыстым. Бүгінде сол салада жұмысын жалғастырып жатқан достарым мен әріптестерім бар. Соларға өз іс-шараларында арнайы әскери операцияны қолдап, донат жинау туралы ұсыныс айтылған. Олар бұл ұсынысты қолдамады. Өйткені қоғамдық ұйымдар саяси мәселелерге араласқысы келмейді.
Башқұртстан менің отаным, ол жаққа қайту жоспарымда бар. Әрі қарай не болатынын білмеймін. Түрлі гипотеза бар. Арты не болатынын күту бір мәселе. Өмір бойы қорқынышпен өмір сүру мүмкін емес. Өз ұстанымын мен принципіне берік болып, шетелде, отаннан жырақта жүруге болады. Таныстарымның таныстары мен туыстары соғысқа кетіп, қайтып оралмай жатқанын есту үрейлендіреді. Башқұрт халқы онсыз да аз, әрі кетсе 1,3 млн ғана шығар. Оның үстіне тіл мәселесі бар. Мәселен, Қазақстанда қазақ тілін оқып, үйрену үшін жағдайдың бәрі бар. Бізде башқұрт тілін оқу үшін алдымен екі органға өтініш жазып, рұқсат алуымыз керек. Мұндай жағдайда стагнация болады. Өз тарихымыз, мәдениетіміз бен тілімізді дамыту үшін көңіл бөле алмаймыз.
«МӘСКЕУДЕН КЕЙІН КЕЗ КЕЛГЕН ЖЕРДЕ ӨМІР СҮРУ АРЗАН КӨРІНЕДІ»
Әзірге Астана мен Алматыда ғана болдым. Бурабай мен Түркістанды көрсек деп жоспарлап отырмыз. Астанадағы үлкен мешіт ұнайды. Музейдегі түн акциясы болғанда ондағы халықты көріп таңғалдық. Ресейде ондай шаралар өтеді, бірақ халық онда мәжбүрлеп апаратын еді. Ресейде жүргенде оңтүстік пен солтүстіктің қазақтарының арасында айырмашылық бар дегенді жиі еститінмін. Бірақ айтарлықтай өзгешелікті әлі көрмедім.
Мәскеу мен Астанада өмір сүру деңгейін салыстырсақ. Мәскеуде тұру қымбат, ол жақта тұрып келген адам үшін басқа жерде тұру оңай болады. 20 млн халқы бар мегаполис болған соң, ондағы қарқын айтпаса да түсінікті. Адамдар 50-60 шақырым жүріп жұмысқа қатынайды. Онда кептеліс бар. Бірақ Алматының кептелісі оның қасында жаман болып көрінді. Мәскеудің бағасы мен Алматының бағасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Ал Астанада баға арзан дер едім. Мәселен, такси бағасы арзан. Қоғамдық көліктің бағасы өте арзан. 90 теңге деген су тегін.
«БУЛЛИНГТІ ӨЗ ОТАНДАСТЫРЫМЫЗДАН КӨРДІК»
Релоканттарға деген қоғамда түрлі пікір, көзқарас бар. Бірақ біз барған бес мемлекетте ресейлік болғанымыз үшін буллинг көрмедік. Біз буллингті өзіміздің азаматтарымыздан – ресейліктерден көрдік. Олардың пікірімен келіспей, елден кеткеніміз үшін бізге қарата түрлі сөздер айтылып жатады.
Ресейдің тарапынан Қазақстанға, әсіресе солтүстік өңірлердің жеріне қатысты провакациялық сөздер айтылатынын көріп жүрміз. Бұл сөздер біздің өзімізде жиеркеніш тудырады. Сондықтан шенеуніктер ақылға келер деп үміттенеміз. Зорлық-зомбылықпен проблема шешілмейді. Осы орайда Қазақстанның президентіне де үміт артамыз. Қалай дегенімен БҰҰ жұмыс істеген, мықты маман. БҰҰ-да істеген адам дипломатия мен егемендіктің принциптерін, халықаралық құқықты біледі деп ойлаймын. Өзбекстан мен Түркияда болдық, салыстырмалы түрде Қазақстандағы үрдістердің басқа екенін, позитивті жағына жылжу барын көріп отырмыз.