Астанада полиция командирі мен прокуратураның бұрынғы қызметкері қамауға алынды

Динара Амантай

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр

Фото: Halyq Uni

Астана қаласы ПД жол-патрульдік қызметі ротасының командирі пара беруге оқталуға жәрдемдесті деген күдікке ілінді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Антикордың мәліметінше, рота командиріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Лауазымды адам азаматтық іс бойынша оң шешім қабылдағаны үшін прокуратура жанындағы материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының бұрынғы қызметкері арқылы сот қызметкерлеріне ірі мөлшерде пара беруге оқталуға жәрдемдесті деген күдікке ілінген. Прокуратура қызметкері бұрын ведомствода әкімшілік лауазым атқарған, жедел қызметкер болмаған. Қылмыс жасау кезінде жұмыссыз болған.

Тергеу сотының санкциясымен 8 маусымда аталған адамдар қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.