Депутаттар заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік саладағы мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде проблеманың өте көп екенін айтты.
«Жаңадан салынған мектептердің сапасы, жыл сайынғы демалыс кезіндегі мектептерде жөндеудің уақтылы аяқталмауы, ғылыми институттар мен университеттердің сапалы реактивтер мен қажетті құрылғыларды сатып ала алмауы, білім беру ұйымдарындағы күзет қызметіндегі тиімсіздігі, бейнекамералар мен күнделікті тауарлар сапасының төмендігі осы рәсімдердің тиімсіздігінен деп те айтуға болады», - деп жазды депутат.
Оның айтуынша, мекеме басшылары таңның атысынан күннің батысына дейін осы шаруашылық жұмыстарымен айналысады, басқасына уақыты жоқ.
Әрине, бұл жерде бәрін басшының қолына беруді талап етіп жатқан жоқ, сатып алу жүйесіне бақылау, ашықтық керек, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу қажет. Бірақ бұл рәсімдер тиімді болуға тиіс.
Мысалы, қыста жылыту қазандығы жанып, мекеменің шатыры ұшып кетсе оны шұғыл қалпына келтіре алмайды. Сатып алу рәсімдері бірнеше айларға созылып, іс сотқа өтіп кетеді. Соған байланысты мәселелерді дер кезінде шешу үшін спонсор іздеуге, ақша жинауға және басқа да әрекеттерге баруға мәжбүр болады, - деді депутат.
Асхат Аймағамбетов жетекшілік ететін комитетте «Әлеуметтік саладағы мемлекеттік сатып алу мәселелері және оларды шешу жолдары туралы» атты кеңейтілген отырыс өткен. Оған депутаттармен қатар Үкіметтің, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әлеуметтік сала ұйымдарының өкілдері қатысты.
Депутаттар заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды
Депутаттар тиісті нормаларды әзірлеп, Үкіметке жіберді.