×

Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде проблема өте көп – Асхат Аймағамбетов

Депутаттар заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды

 Дәурен Ерболат 09.06.2023 | 09:53
фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік саладағы мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде проблеманың өте көп екенін айтты.

«Жаңадан салынған мектептердің сапасы, жыл сайынғы демалыс кезіндегі мектептерде жөндеудің уақтылы аяқталмауы, ғылыми институттар мен университеттердің сапалы реактивтер мен қажетті құрылғыларды сатып ала алмауы, білім беру ұйымдарындағы күзет қызметіндегі тиімсіздігі, бейнекамералар мен күнделікті тауарлар сапасының төмендігі осы рәсімдердің тиімсіздігінен деп те айтуға болады», - деп жазды депутат.

Оның айтуынша, мекеме басшылары таңның атысынан күннің батысына дейін осы шаруашылық жұмыстарымен айналысады, басқасына уақыты жоқ.

Әрине, бұл жерде бәрін басшының қолына беруді талап етіп жатқан жоқ, сатып алу жүйесіне бақылау, ашықтық керек, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу қажет. Бірақ бұл рәсімдер тиімді болуға тиіс.

Мысалы, қыста жылыту қазандығы жанып, мекеменің шатыры ұшып кетсе оны шұғыл қалпына келтіре алмайды. Сатып алу рәсімдері бірнеше айларға созылып, іс сотқа өтіп кетеді. Соған байланысты мәселелерді дер кезінде шешу үшін спонсор іздеуге, ақша жинауға және басқа да әрекеттерге баруға мәжбүр болады, - деді депутат.

Асхат Аймағамбетов жетекшілік ететін комитетте «Әлеуметтік саладағы мемлекеттік сатып алу мәселелері және оларды шешу жолдары туралы» атты кеңейтілген отырыс өткен. Оған депутаттармен қатар Үкіметтің, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әлеуметтік сала ұйымдарының өкілдері қатысты.

Депутаттар заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды

  • 100-500 АЕК-ге дейін қаражат шеңберінде бұрынғыдай бір көзден тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алу құқығын беру (жылдық сол тауарға берілген бюджет шеңберінде болса).
  • Әлеуметтік нысандарда төтенше жағдайлар болған кезде ерекше тәртіппен, жедел/сатып алу тәртібін енгізу.
  • Мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердегі күзет қызметін сатып алуды ерекше рәсім арқылы өткізу, тек қана көрсетілетін қызметтің құны емес, сапасын, балалармен жұмыс істеулеріне байланысты қосымша талаптарға сай болуын қамтамасыз ету. Және оны бір дегенде 3 жылға келісім шарт жасап, бірқалыпты тәртіп енгізген дұрыс, өйткені білім беру мекемесінің режимі мен ерекшеліктері бар.
  • Ғылым саласында ұзақ мерзімді сатып алу рәсімдерін саланың ерекшеліктеріне бейімдеу қажет. Мәселен, құрылғылар мен реагенттер сатып алу 6 айдан 1 жылға дейін созылуы мүмкін, сол уақытта сапасын айтпағанда ол зерттеудің қажеттігі де болмай қалады.
  • Денсаулық сақтау, мәдениет салалары бойынша да біраз нормалар ұсынылды.

Депутаттар тиісті нормаларды әзірлеп, Үкіметке жіберді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама