Ғылым министрі кадрлардан айырылып қалуға болмайтынын айтты
Назарбаев университетін қаржыландыру тәртібі өзгермейді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Астанада өтіп жатқан халықаралық форум кулуарында айтты.
Кадрлардан айырылып қалуға болмайды. Онда заманауи зертханалар бар. Қаржыландыру тәртібі бұрынғыша қалады. Алайда бізге талдау жүргізу керек. Соның нәтижесіне қарай шешім қабылдаймыз. Басшылықтың ауысып жатқанын білесіз. Конкурс жарияланды. Осы конкурс негізінде басшылық тағайындалады, сосын талдау жасаймыз, - деді министр.
Назарбаев университетін 13 жыл басқарған Шигео Катсу 15 маусымнан бастап ЖОО президенті лауазымынан кетеді. Одан кейін Шигео Катсу Назарбаев университетінің қамқоршылық кеңесінің мүшесі ретінде университеттің дамуына үлесін қосады. Сондай-ақ Назарбаев зияткерлік мектептері, Назарбаев қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі және жоғары қамқоршылық кеңесінің мүшесі ретінде қызметін жалғастырады.
Жуырда Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Назарбаев универсиетіне қомақты қаржы бөлінгенін, бірақ Қазақстан ғылымында айтарлықтай жетістік жоғын айтып сынға алды.
«15 жылда біз Назарбаев университетіне барлық жағдайды жасадық, қаржыны төктік. Зертхананы соларға бердік, статусын күшейттік. Оларды ешкім тексермеді. Бәрін бердік, алайда нәтиже жоқ. 2020 жылы (жоғары оқу орнына) 7 млрд 600 млн теңге, 2021 жылы – 7 млрд 21 млн теңге, 2022 жылы 2 млрд 154 млн теңге бөлінген. Бұл қомақты қаржы ғой. Алайда нәтиже қандай екені белгісіз. Мысалы, олар бір жылда 15 патент қана алған.
Барлық университеттің аузынан жырып алып, бәрін осыған (Назарбаев университетіне) бердік. Бірақ олардың басқа жоғары оқу орындарымен байланыс жасағанын естімедік. Халықаралық төрт бірдей рейтингті көрдім. Назарбаев университеті ешбірінде жоқ.... Бөлінген қаржы қайда кетті?», - деді депутат.