Зауыттың жабылғанына екі жыл болды
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықбаев Бестөбе кентіндегі алтын шахталарының бұрынғы жұмысшыларының наразылығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ақмола облысының Бестөбе кентіндегі «Алтыналмас» алтын өндіруші компаниясының кеніші жабылып, мыңнан астам кенші қысқартылған болатын. Жұмыссыз қалған кеншілер наразылыққа шығып, кенттің мәдениет үйінде түнеді. Өңір әкімі Ермек Маржықбаевтың айтуынша, мәселені шешу үшін арнайы жұмыс тобы құрылған.
Облыс үшін өзекті мәселе. «Алтын алмас» компаниясы тек Бестөбеде емес, Жолымбет пен Ақсу елді мекенінде жұмыс істейді. Осы үш елді мекендегі басты жұмыс беруші осы компания. Бестөбедегі зауыттың тоқтатылғанына екі жыл болды. Бүгінде бұл мәселені Президент әкімшілігі мен Үкімет бақылауында ұстап отыр. Өзім акционерлермен кездестіп, әріптестерім де халықпен тұрақты кездесулер өткізіп тұрады. Арнайы жұмыс тобы құрылды. Осы комиссияның жұмысының арқасында бұл мәселенің дұрыс шешімі табылады деп ойлаймын. Жұмысшылар талап қойып, мәдениет үйінде түнеді. Бүгін де келді. Түнде кездесіп, қойған сауалдарына жауап беріп, дискуссия болды. Жұмыс жалғасып жатыр, – деді облыс әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, алтын өндіруші компаниясы жұмысы тоқтап тұрған екі жылдың ішінде жұмысшыларына еңбекақысын төлеп келген.
Жұмыс тоқтап тұрған екі жылдың ішінде компания жұмысшыларына еңбекақысын төлеп тұрды. Ол шамамен 9 млрд теңгені құрайды. Елді-мекендегі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бетімен жіберілген. Ондағы көппәтерлі үйлер 90-жылдары жылудан ажыратылған. Содан бері жылуға қосылмаған. Бүгін біз қазандық салып бастадық. Егер жоспарға сәйкес жүргізілсе, тамыз айының соңында құрылысты аяқтаймыз. Осылайша ондағы 26 үйді орталық жылытуға қосамыз. Сондай-ақ су мен жол мәселесін де шешіп жатырмыз. 300 орындық мектептің құылысы басталғанын атап өту керек. Кентті қалпына келтіріп жатырмыз, – деп қосты Ермек Маржықбаев.
«Алтыналмас» алтын өндіруші компаниясының мәліметінше, 7 маусымда Бестөбе кентінің тұрғындарымен және компания қызметкерлерімен шахтаның болашақ тағдыры бойынша келіссөздер өткізілген.
Бестөбе кенішінің жұмысы 2021 жылдың шілдесінен бастап кент белсенділерінің бірқатар талаптарын орындағаннан кейін тоқтатылған болатын. Ондағы жұмыс компанияға тәуелді емес себептерге байланысты тоқтатылды.
«Жұмыс беруші өз бастамасы бойынша 2021 жылдың шілдесінен 2023 жылдың қаңтарына дейін кеніш жұмысшыларына өндіріс тоқтап тұрғанына қарамастан, орташа жалақы төледі және әлі күнге дейін салалық коэффициентті ескере отырып, оларға ең төменгі жалақыны төлеп келеді», - деп мәлімдеді компания.
Сондай-ақ компания басшылығы жергілікті атқарушы органдардың, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдерінің қатысуымен кент белсенділерімен бірнеше рет кездескен. Алайда белсенділер тобының алға қойған талаптарының жиі өзгеруі салдарынан олармен сындарлы диалог құру қиынға соғып отырғанын айтады. Мәселен, компания тұрғындардың осы жылдың 3 мамырында қол қойылған хаттамалық шешімнің шарттарын жұртшылық пен ұжым тарапынан өз міндеттемелерінің орындалуын ескере отырып, шахтадан жер асты суларын айдау жөніндегі негізгі талаптарын орындауға дайын болды. Сондай-ақ жер асты суларын айдау процесіне қатысатын қызметкерлердің бір бөлігін жұмысқа шығаруға дайын екенін мәлімдеді, ал кеніштің қалған қызметкерлеріне компаниялар тобының басқа жобаларында жұмысқа орналасу ұсынды.
«Алайда тараптар «Қазақалтын Технолоджи» фабрикасын көшіру мәселесі бойынша келісімге келген жоқ. Бұл мәселені қоюдың өзі заңсыз, өйткені зауыт заңды түрде салынып, жұмыс істеп келді. «Алтыналмас» компаниясы жергілікті тұрғындармен келісімге келе алмай, Бестөбе кенішінің жер қойнауын пайдалану құқығын мемлекетке қайтаруға және тарату жұмыстарын бастауға дайын екендігін мәлімдейді», – деп қосты компания.