Алматыда мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері Кореядан келген көліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан
Тергеудің осы кезеңінде 250 көліктің осындай қылмыстық тізбекпен тіркелгені анықталды
Алматы қаласының полициясы Оңтүстік Кореядан келген көліктерді заңсыз тіркеудің жолын кесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мәліметінше, бұл тізбекте «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ-ына қарасты мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері, сондай-ақ Оңтүстік Кореядан көлік алып келуді жолға қойған ер адам күдікті деп танылды.
К. есімді азаматтың мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерімен қылмыстық келісімге келіп, Қазақстан Республикасының аумағында көлік құралдарын тіркеуге негіз болатын құжаттарға жалған мәліметтер енгізгені белгілі болды. Осы заңсыз әрекеттерінің салдарынан күдікті бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін белгіленген алымдар, яғни 340 млн-нан аса теңгені төлеуден жалтарған. Тергеудің осы кезеңінде 250 көліктің осындай қылмыстық тізбекпен әкелініп, тіркелгені анықталды, – деді Алматы қалалық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жанат Нұрғалиев.
Спикер ҚР ҚК-нің 385-бабы («Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу») бойынша қозғалған қылмыстық істі Алматы қалалық ПД анықтау басқармасында тергеп жатқанын атап өтті.