«Ақылмен шешім қабылдаңыздар». Ноғаев жұмыссыз қалған «БерАли» компаниясының жұмысшыларымен кездесті
Кездесуде жиналғандарға ұзақ мерзімге жұмыс ұсынылды
Кеше Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен қаласында «БерАли» мекемесінің экс-жұмысшыларымен кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуге «ҚазМұнайГаз» АҚ төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов, «Өзенмұнайгаз» АҚ басшысы Нұрдәулет Қилыбай және жұмыссыз қалған «БерАли» компаниясының бұрынғы жұмысшылары қатысқан.
Нұрлан Ноғаев жергілікті атқарушы билік пен «Қазмұнайгаз» компаниясы көтерілген мәселені оңтайландыруға ынталы екенін айтып, барлық түйіткілдерді келіссөз үстелінде шешуге шақырды.
Кездесуде жиналғандарға жалақы мен еңбек жағдайларын сақтай отырып, «МөлдірМұнайСервис» ЖШС-не ұзақ мерзімге (3 жыл) жұмыс ұсынылды.
Өңір басшысы «БерАли» мекемесінің бұрынғы жұмысшыларын жұмысқа орналастыру «ҚазМұнайГаз» АҚ ережелері аясында жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ ол тендерден ұтылған компанияның қызметкерлері конкурстық рәсімдердің жеңімпазы атанған компанияға жұмысқа орналастырылатынын жеткізді.
Мәселен, 2022 жылдың соңынан бастап осы уақытқа дейін күнделікті 192 шарт бойынша тендерлік рәсімдердің мәртебесіне талдау және мониторинг жүргізілген. Бұл – шамамен 15 мың адам. Талдау қорытындысы бойынша тендерден ұтылған мердігер компаниялардың өкілдері жұмыссыз қалмас үшін уақтылы шаралар қабылданып жатыр.
Бүгінде тендердің нәтижелері бойынша жаңа мердігер компаниялармен 57-ге жуық шарт жасалған, олардың басым бөлігі – ұзақ мерзімді. Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» өкілдігінің бастамасымен тендерлік құжаттамаға алдыңғы мердігерде жұмыс істегендерді жұмысқа орналастыру туралы талап енгізілген. Осы талапқа сәйкес, ұтылған компаниялардың 3 мыңнан аса жұмысшысы жеңімпаз компанияға жұмысқа орналастырылған.
Мұндай шаралар өз тиімділігін көрсетіп жатыр. Бұл – ұтылған компаниялардың жұмыстан босатылғандарды қайта жұмысқа орналастырудың тиімді құралы. Осыған байланысты «БерАли» мекемесінің бұрынғы қызметкерлеріне ұсынылған жұмысқа тұру және жұмысты оңтайлы жағдайда жалғастыру ұсынылды.
«ҚазМұнайГаз» АҚ өкілдері «БерАли» мекемесінің бұрынғы жұмысшылары ұсынылған жұмыс орнынан бас тартқан жағдайда «Өзенмұнайгаз» АҚ өндірістік жоспары бұзылмау үшін конкурстық рәсімдерде жеңген мекемеге кезекте тұрған жұмыссыз адамдарды алуға мәжбүр болатынын атап өтті.
Мұнай-газ саласындағы жұмыс тәжірибелеріңізді ескере отырып, сіздерге «ҚазМұнайГаз» АҚ қолданыстағы ережелері аясында жұмысқа орналасу ұсынылады. Алайда «Өзенмұнайгаз» АҚ-ына тікелей жұмысқа орналасу туралы талапты қанағаттандыру мүмкін емес. Себебі бұл қолданыстағы алгоритм шеңберінде жұмысқа орналасу кезегіндегі Жаңаөзен қаласының басқа тұрғындары үшін әділетсіз болмақ. Мен ақылмен шешім қабылдап, жұмысқа орналасу туралы ұсынысты қабылдауды ұсынамын, – деді Нұрлан Ноғаев.
Жергілікті атқарушы органдар қолда бар жұмыс орындарын сақтай отырып, жаңа жұмыс орындарын құру, сондай-ақ оларды тұрғындар арасында әділ бөлу жөніндегі жүйелі жұмысты тұрақты негізде жалғастыратын болады.