Желіде осы оқиғаның видеосы тараған еді
Елордалық полицейлер кәмелетке толмаған қызға тиіскен ер адамды құрықтады.
Бұған дейін полицияның «102» арнасына Нұр-Сұлтан тұрғынынан кешке белгісіз ер адамның үйінің кіреберісінде 16 жастағы қызына тиіскені туралы хабарлама түскен болатын. Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 20 жастағы студент ұсталды. Биылғы 18 сәуірде жас жігіттің қызды аялдамада кездестіргені анықталды. Ол автобуспен бірге жүріп, соңынан ерген. Үйінің кіреберісінде онымен таныспақ болған. Бірақ қыз қарсылық білдірген соң оны еркінен тыс қорламақ болған, – дейді бас қаланың полиция департаменті.
Ұсталған азаматқа айналасындағыларды құрметтемеу, қоғамдық тәртіпті және азаматтардың тыныштығын бұзу, кәмелетке толмаған қызды қорлау дерегі бойынша ӘҚБК 434-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Соңғы шешімді мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот қабылдайды. Сондай-ақ құқық бұзушының денсаулығы туралы медициналық мекемеге сұрау жіберілді.