Аялдамалар күндіз жолаушылар, түнде кезбелер паналайтын орынға айналған
Талдықорған қаласында жолаушыларға жайлы жағдай жасау үшін орнатылған «Smart» аялдамалар шетінен қирап жатыр.
«Ақылды» аялдамалардың қазіргі жағдайы сын көтермейді. Төрт жылда айтарлықтай рахатын сезінбеген тұрғындар енді оны күтіп ұстауға миллиондап қаржы жұмсаудың қажеті шамалы екенін айтады. Аялдамалардың дені қираған, қысы-жазы жұмыс істеп тұратын желдеткіш құралдары да істен шыққан. Кейбірін бұзақылар бақылау камераларымен қоса қиратып тастаған. Ішіндегі телеэкрандар да қирап, сымдары үзілген. Арнайы қойылған Wi-Fi таратқышы мен телефон қуаттағышы да жоқ. Электронды таблолары да істен шыққан. Тек сырты шынымен қоршалған демесеңіз, жалпы алғанда өзге аялдамалардан айырмашылығы шамалы.
Талдықорғандағы «ақылды» аялдамалар 2018-2019 жылдары сол кездегі қала әкімі Дастан Шалтабаевтың тұсында орнатылған. Бағасы да қымбат - пәтер құнымен теңеседі. Әрбір аялдамаға қала қазынасынан 8,5 млн теңге жұмсалған. Ал, облыс орталығында мұндай 21 аялдама бар. Оған жалпы алғанда 180 млн теңгедей қаржы жұмсалған.
«Қыста жылы, жазда салқын әрі жайлы аялдамалардың болғаны жақсы. Бірақ, бұған қомақты қаражат жұмсаудың қажеті жоқ. Өз басым оның ішіне кіре бермеймін. Көбіне шашылып жатады. Жуылмайтын кездері де көп. Ішінен жағымсыз иіс шығады. Сондықтан, балаларымды да кірмеуге шақырамын. Қыстың қақаған суығында кейбірінің есігі жабық тұратын кездер де болды. Жолаушылар ішіне кіре алмай, дірдектеген күйі автобус күтетін», - дейді қала тұрғыны Эрнест Шәріпнәсіпұлы.
«Смарт» аялдамалар карантиндік шектеулер кезінде жабық тұрған. Олардың ішінде біреуі әлі күнге дейін ашылған жоқ, пайдалануға берілмеген. Тұтқасы жұлынған, есігінде құлып тұр. Қалған аялдамалар тәулік бойы ашық. Тіпті, үй-күйі жоқ кезбелер күн суықта аялдаманы паналап, соның ішінде түнейді.
«Мұндай аялдамалар еліміздің өзге үлкен қалаларында бар. Өркениетті мемлекеттердің көбінде орнатылған. Барды ұқыпты ұстай білу керек. Мен кейбір адамдарды түсінбеймін. Бар дүниені бүлдіріп, талқандап кететіндей, тегін салынып жатқан жоқ қой. Smart аялдамалар солар үшін, біз үшін орнатылды. Оның үстіне халықтан түскен салыққа салынды. Оны қиратқаннан не пайда? Өз ақшамызға қайта жасалынады. Сол жөндеуге жұмсалған қаражатты басқа игі істер үшін жаратуға болар еді», - дейді қала тұрғыны Малика Тоқтарқызы.
Полиция өкілдері аялдамаларды қирату, вандализм әрекетіне қатысты қанша шара қолданса да, бұзақылық әлі тыйылмай тұрғанын айтады.
Былтыр аялдамаларға қатысты полицияда 12 дерек тіркелді. Осыған қатысты Әкімшілік кодекстің 434-бабы (ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік шаралар қолданылды, - дейді Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Әбілтай Әбенов.
Талдықорған қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген мәлімет бойынша, шаһарда жалпы саны 282 аялдама кешені бар: ақылды аялдама - 21, металл-әйнектен жасалғаны - 155, қалған 106-сы қарапайым металлдан жасалған аялдама. Осының барлығына техникалық қызмет көрсету үшін 42 миллион теңге бөлінген. Яғни, оған қоқыс жинау мен тазалау, металл шыныларды ішінара ауыстыру жұмыстары кіреді. Оған қоса, әр аптаға арнайы кесте жасалған. Мердігерлер дүйсенбі және жұма күндері «смарт» аялдамалардың бәрін жуып шығады. Күнделікті қоқысын тазалайды. Ал, жауаптылар айына екі-үш рет тексеріп отырады.
Аялдамалардың күтімімен 3 мекеме айналысады. Яғни, «Талдықорған көркейту» серіктестігі 13 аялдамаға жауапты болса, «Шығыс-4» алтауын бақылауында ұстайды. Ал, қалған екеуі «АБЗ карьер ДРСУ» мекемесіне қарауына берілген.
Қала әкімінің баспасөз хатшысы Мәди Шәкеновтің айтуынша, жуық арада мердігерлер мен жауапты бөлім қызметкерлері бүлінген дүниелер мен аялдамалардың бұзылған жерін толығымен тексеріп шықпақ. Арнайы акт толтырып, соның аясында барлығын ретке келтірілмек.