Қызылорда облысының бюджеті 593 млрд теңгені құрайды
Былтыр Қызылорда облысына 400 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, осы көрсеткіш бойынша еліміздегі үздіктер қатарынан көрінді. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
Облыс әкімінің айтуынша, биыл өңірге 424 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Президент пен Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында тың жобалар жүзеге асып жатыр. Облыс 2023 жылдың 4 айы қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері бойынша оң динамикаға қол жеткізді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,6, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,9 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2,4, сауда көлемі 2,5, инвестициялар тарту 42,1 және құрылыс жұмыстарының көлемі 44 пайызға артты, - деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Айтуынша, қазір Қызылорда облысының бюджеті 593 млрд теңгені құрайды, бұл 2022 жылғы бюджетпен салыстырғанда (387,3 млрд теңге) 205 млрд 700 млн теңгеге, яғни 53 пайызға артық. Бюджеттің 64 пайызы немесе 378,6 млрд теңгесі әлеуметтік салаға бағытталған.
«Өнеркәсіп өндірісінің 70%-ға жуық үлесін алатын тау-кен секторында мұнай өндіру қордың сарқылуы салдарынан 2013 жылдан бері 6,5 млн тоннаға азайған. Мәселен 2013 жылы 10,5 млн тонна мұнай өндірілсе, 2022 жылы оның көлемі небәрі 4 млн тонна болды. Қазір жаңа кен орындарын игеру үшін «Шу-Сарысу» бассейнінде геологиялық-геофизикалық зерттеу жұмыстары аяқталып, Арал бассейнінің «Батыс» және «Шығыс» бөлігінде жалғасып жатыр», - деді облыс әкімі.
Айтуынша, өңірде шикізатқа тәуелділікті азайту үшін экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобаларды іске асыру жалғасады. Атап айтқанда, индустрияландыру аясында өңірде құны 607,7 млрд теңгені құрайтын 34 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар 6,3 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы қалыптасып, оған құны 907 млрд теңгеден асатын 36 жоба енгізілді. Былтыр құны 5,1 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылды. Олар – «Үй құрылысы комбинаты», «350 орындық мектепті кеңейту», «Балық өңдеу цехы», «Көкөніс сақтау қоймасы» жобалары. Биыл Сыр өңірінде құны 13,4 млрд теңгенің 9 жобасы жүзеге асырылады. Бұл өңірге инвестиция тарту қарқынын арттыруға мүмкіндік береді, - деді Нәлібаев.
Айта кетейік, былтыр Қызылорда облысы инвестиция тарту қарқыны бойынша республика көлемінде алдыңғы қатардан көрінді. Өңір экономикасына 409,5 млрд теңге инвестиция салынып, облыс еліміз бойынша 1-орынға шықты. Биыл 424 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр.