Алматы соты сотталушыларға 8 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады
Алматы қаласы соты полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторы қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Алмалы аудандық соты Алматы қаласы полиция департаменті уақытша ұстау изоляторының жеті қызметкеріне қатысты өлімге әкеп соққан, басқа тұлғаларға зиян келтіру мақсатында билігін асыра пайдаланып, зорлық-зомбылық қолданды, қызметте әрекетсіздік танытты деген айып бойынша қылмыстық істі қарады.
Сотта 2022 жылдың 9 қаңтарында жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдік бойынша жәбірленуші Жасұлан Анафияевтың уақытша ұстау изоляторына жеткізілгені анықталды.
12 қаңтарда уақытша ұстау изоляторы камерасындағы жәбірленуші А. камераның есігін жұдырығымен, аяғымен соғып, тергеушіні шақыруды талап еткен. УҰИ бекетінде қызметте болған сотталушылар – А. және Т. кезекші Е.-ге бұл жағдайды мәлімдеген, содан кейін Е., А. және Т. резеңке таяқшаларын алып, камераға қарай бет алған.
Жәбірленуші А. алюминий қасықты алып, оларға қарай сермеген, сотталушылар оны соққыға жыққан, сосын жәбірленушіні тексеру бөлмесіне сүйреп апарып, төртеуі ұрып-соғып, қорлауды жалғастырған, ал біреуі осы жайтты жай ғана бақылап, әрекетсіздік танытқан. Ұрып-соғуды аяқтаған соң сотталушылар жедел жәрдем шақырған. Келіп жеткен жедел жәрдем бригадасы жәбірленуші А.-ның өлімін тіркеген.
Алты адамға 8 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қызметте әрекетсіздік танытқан бір тұлғаға 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Сотталғандардың барлығына қосымша жаза – мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқықтарынан айырылды. Сондай-ақ олар арнайы атақтарынан айырылды.
Сотталғандардан жәбірленушілердің пайдасына 20 000 000 теңге сомасында моральдық залал өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.