Жәбірленуші күдіктіні кешірмейтінін айтып, оны қатаң жазалауды сұрады
Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігімен Өзбекстан Республикасының азаматы М.М.-ге қатысты әкімшілік істі қарады.
Шетел азаматы 29 мамырда сағат 15:00 шамасында Сарыағаш қаласында орналасқан сауда орталықтарының бірінде, яғни қоғамдық орында болмашы себеппен жәбірленуші У.Д-ны балағаттап, бұзақылық жасаған.
Іс бойынша Өзбекстан азаматы кінәсін жартылай мойындап, сол күні жәбірленушімен араларында түсінбеушілік болғанын атап көрсетті. Жәбірленуші сот отырысында болған оқиғаны растап, шетелдікті кешірмейтінін айтып, оны қатаң жазалауды сұрады.
Сот қаулысымен М.М. ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 5 тәулік мерзімге қамауға алынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.