Астанадағы су тапшылығы: Тоқаев қала әкімінің баяндамасын тыңдады
Астанадағы жағдай Президент әкімшілігінің бақылауында болады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың сумен қамтамасыз етілу жағдайы туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің баяндамасын тыңдады.
Әкімге қысқа мерзімде тек сумен қамтамасыз ету саласында ғана емес, сонымен қатар қаланың маңызды басқа да жүйелерінде дағдарыс жағдайын түбегейлі болдырмау үшін жүйелі және жедел шаралар қабылдау тапсырылды.
Ақорда таратқан ақпаратқа сәйкес, Астанадағы жағдай Президент әкімшілігінің бақылауында болады.
Еске салайық, Астана қаласының бірқатар ауданында су тапшылығы болды. Тұрғындар бірнеше күн ыстық судан да, суық судан да қағылды.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы су тапшылығына қатысты пікір білдіріп, бүгінде тәулігіне 25 мың кубометр су жетіспейтінін айтты.
Айтуынша, 2 жыл бұрын әкімдік екі жаңа нысанның құрылысын бастаған. Бірінші нысан – сорғы станциясы.
Бұл нысанның құрылысы осы айдың соңына дейін толығымен бітеді және қалаға қажетті күніне 25 мың кубометр су берілетін болады, - деді елорда әкімі.
Екінші нысан – Астана су қоймасынан қалаға келетін су құбыры. Жеңіс Қасымбек бұл нысанның құрылысы аяқталып қалғанын хабарлады.
Келесі аптада толығымен құрылыс жұмысы бітеді және қалаға қажетті су беріледі, - дейді ол.
Осылайша, бір айдың ішінде су тапшылығы мәселесі толығымен шешіледі. Ал тамызда сорғы станциясының екінші кезеңінің құрылысы бітеді. Сол арқылы қалаға күніне қосымша 85 мың кубометр су берілу мүмкіндігі пайда болады. Бұл алдағы 3-4 жылға жеткілікті.