Астанада жыл сайын 185 мыңға жуық адам әлеуметтік қолдау шараларына қатысып келеді. Мұқтаж азаматтарды көбірек қамту мақсатында бір реттік ақшалай төлемдер, әлеуметтік көмек сынды бірқатар қосымша іс-шаралар қарастырылған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ресми мәліметіне сәйкес, төмендегідей көмек көрсетілді:
- газ қосу және құбыр жүргізу шығындарының өтемақысы 90 АЕК-тен (286 200 теңге) 130 АЕК-ке (448 500 теңге) ұлғайтылған. Сонымен қатар, жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, балалар үйінің түлектерін алушылар санаты енгізілген. 2023 жылы 199 отбасы газ қосуға өтемақы алған.
- табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға өтемақылар артты. Яғни, жалғыз тұрғын үйі бүлінген жағдайда бір отбасына 65 АЕК-тен (206 700 теңге) 400 АЕК-ке (1 380 000 теңге) дейін өтемақы беріледі. 2023 жылы үйінен айырылған 12 отбасыға өтемақы берілді.
- атаулы әлеуметтік көмек төлеу мөлшері 90 мың теңгеден 180 мың теңгеге дейін өсті;
- саяси қуғын-сүргін құрбандарын қалалық жолаушылар көлігінде жүру үшін алушылардың қосымша санаты енгізілді;
- әлеуметтік маңызы бар дертке шалдыққан балаларға төленетін төлемнің мөлшері мен кезеңділігі 5 АЕК-тен (15 900 теңге) 25 АЕК-ке (86 250 теңге) ұлғайтылды және айына берілетін болып өзгертілді;
- Чернобыль апатының құрбандарын еске алу күнінің 35 жылдығына орай (26 сәуір) бекітілген 9 АЕК-ке (28620 теңге) қосымша 75 мың теңге біржолғы көмек көрсетілді. 2023 жылы 505 адамға көмек қамтылды;
- алғаш рет ядролық сынақтар құрбандары (зейнеткерлер мен біржолғы өтемақы алушылар) атаулы күн қарсаңында 2,5 АЕК (8650 теңге) көлемінде біржолғы ақшалай төлем алды;
- бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға бірінші рет 15 АЕК (51 750 теңге) мөлшерінде біржолғы көмек көрсетіледі. 2023 жылы 75 адам қамтылды.