Әскерге күштеп алып кету: Қорғаныс министрі жағдайды түсіндірді
Ведомство басшысы Отан алдындағы жауапкершілік туралы айтып өтті
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қазақстан жастарын әскерге күштеп алып кетуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Министрдің айтуынша, шақырту кампаниясына атқарушы билік жауап береді.
«Біз оларды тізіммен қамтамасыз етеміз. Әскери борышын өтеуден жалтарған адамды заң бойынша шақыртуымыз қажет. Біз тек заң аясында ғана әрекет етеміз. Қазіргі жастардың ойлау жүйесі басқаша. Егер сен еліңнің нағыз патриоты болсаң, әскерге баруың керек. Олар әскерге бармайды, ал түнгі клубқа барады. Денсаулығы түнгі клубқа барып, көңіл көтеруге жетеді екен, ал отан алдындағы борышын өтеуге күші жетпей ме?», - деді Руслан Жақсылықов.
Министр заңда әскерден қашқандарды қорғаныс департаментіне шешім қабылдау үшін алып кетуді көздейтін норма барын жеткізді.
Жастарды нағыз еркек қылып тәрбиелеу керек. Ол өзі үшін де, өзінің отбасы үшін де, Отаны үшін де жауапкершілік ала білуі керек. Түнгі клубтарға барып, қыдырып жүретіндерді еркек деп айтуға болмайды, - деді басшы.