Демалыс орнында жазғы маусымның ресми ашылуы 17 маусымға белгіленген
Жасыбай көлі – Павлодар облысы Баянауыл ауданында орналасқан Қазақстандағы табиғаты көркем, суы тұнық көлдердің бірі. Жаз басталса, бұл демалыс орнына еліміздің әр түкпірінен ағылатын қазақстандықтардың қарасы көбейеді.
Жалпы, Баянауыл ұлттық табиғи паркі аумағында жазғы маусымның ашылуы 17 маусымға белгіленген. Бірақ, соған қарамастан сенбі, жексенбі күндері демалыс орнына шамамен мың жарым адам кірген.
Желі қолданушысы Болат Аманбаевтың айтуынша, демалыс орнына келушілер қазір көп қиындыққа тап болып отыр. Оның айтуынша, Жасыбайды 5 жылға сенімгерлік басқаруға алған жергілікті әкімдік санитарлық-гигиеналық тораптарды әлі күнге дейін іске қоспаған. Қоғамдық дәретханалар әлі жабық, аузында құлып тұр. Қоқыс жәшіктері де орнатылмаған.
Соған қарамастан сенбі, жексенбі күндері Ұлттық парктің өткізу бекетінен 1,5 мыңдай адам ішке кірген. Бұл ресми мәлімет. Рас, Баянауыл курорттық аймағында жазғы маусымның ашылуы осы айдың 17-не белгіленіпті. Күн болса ыстық. Халық суға түскісі келеді. Бірақ табиғаттың жазығы не? Баянауылға ендігі жетпегені аммиак иісі еді, - деп жазды желі қолданушысы.
Еске салайық, Астанадағы 48 қоғамдық дәретхананың тек төртеуі ғана мінсіз жұмыс істеп тұр. Бұл туралы қолжетімді және жайлы қоғамдық дәретханалар мәселелері бойынша өткен қоғамдық тыңдауда айтылды.