«Сүйегі көрініп қалған»: Оралда 13 жастағы қызды бұралқы ит қауып алды
Ауладағы балалар оның күшіктерімен ойнамақ болған
Оралда 13 жастағы қызды бұралқы ит қауып алды, деп хабарлады «Мой город».
Анасының айтуынша, оқиға 31 мамырда болған. Қабаған ит көпқабатты үйдің ауласын бірнеше жылдан бері мекендеп жүрген көрінеді.
Ит қызымның аяғын тістеп қана қоймай, етін жұлып алған. Тіпті сүйегі көрініп қалған. Қазір қызымның жағдайы жақсарды, жарасы біртіндеп жазылып келеді. Бірақ аяғы бұрынғыдай болуы үшін болашақта эстетикалық ота жасалуы керек, - дейді жәбірленушінің анасы.
Ауладағы балалар иттің күшіктерімен ойнамақ болған. Соларды қызғанған ит қыздың аяғынан қауып алған. Ал тұрғындар болса, бұралқы иттен әбден мезі болғандарын айтады.
«Біз таңертең келсек те, күні бойы аңдысақ та таппаймыз. Ол бәрін сезеді, ұстатпай, қашып кетеді. Итті ұстаған кезде заң бойынша 10 күн карантинге жібереміз, содан кейін оны қайтадан тіршілік ету ортасына жібереміз. Тек комиссияның шешімімен ғана ұйықтата аламыз, онда да жануар агрессивті болса», - дейді Орал қаласы ветеринарлық станциясының директоры Мадияр Ахметов.