ШҚО-да 48 жастағы ер адам суға батып кетті
Облыстық ТЖД тұрғындарға ескерту жасады
Шығыс Қазақстан облысының ТЖД алдағы күндері өңірде 41 градусқа дейін қатты ыстық болатынын ескертті. Осыған байланысты тұрғындар суда жүзу үшін тек рұқсат етілген жағажайларды таңдауы қажет.
Құтқарушылардың бірнеше мәрте ескертуіне қарамастан, 4 маусымда Алтай ауданында Бұқтырма су қоймасындағы Прибрежный кентінде 1975 жылы туған ер адам рұқсат етілмеген жерде шомылу кезінде суға батып кеткен.
Ведомство өкілдері биыл облыс аумағында 5 коммуналдық жағажай (2 – Алтай ауданында, 2 – Өскеменде, 1 – Ұлан ауданында) жұмыс істейтінін жеткізді. Сондай-ақ Катонқарай ауданы мен Риддер қаласынан жағажайлар ашу жоспарланып отыр.
Қазір облыс әкімдігінің жаңа қаулысы бойынша шомылуға арналған 21 учаске анықталды және 74 орынға тыйым салынды. Адамдардың қаза табуын болдырмау мақсатында тыйым салынған шомылу орындарына 22 тыйым салу белгісі орнатылды. ШҚО ТЖД мамандары демалушыларды бұл ақпаратқа немқұрайлы қарамауға шақырады. Өйткені бұл жерлерде қатты ағыс, шұңқырлар болуы ықтимал.
Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны немесе орындамағаны үшін жауапты азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.