×

10 ауылды су басуы мүмкін: Елде апаттық жағдайдағы 5 бөгет бар

Ақмола облысында 3, Шығыс Қазақстан облысындағы 2 бөгет апаттық жағдайда

 Бауыржан Мұқанов 07.06.2023 | 08:58
Фото: kazpravda.kz

Қазір республика бойынша халыққа қауіп төндіретін 5 апаттық су нысаны бар. Атап айтқанда, Ақмола облысында 3 бөгет және Шығыс Қазақстан облысында 2 су қойма апаттық жағдайда, деп хабарлайды Halyq Uni Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Министрліктің редакциямызға берген ресми жауабына сүйенсек, Ақмола облысындағы Веденовская бөгеті Бурабай ауданында Аршалы өзенінде орналасқан. Коммуналдық меншіктегі нысан 1970 жылы пайдалануға берілген.

Су тасқыны болған жағдайда 1,5 км қашықтықта орналасқан Веденовка ауылына қауіп төнеді. Су басу аймағына Набережная көшесі кіреді, онда жалпы саны 150 адам (оның ішінде 70 қарт, 20 бала) тұратын 50 үй бар.

Облыстағы екінші бөгет – Ивановская Бұланды ауданында орналасқан. Коммуналдық меншіктің пайдалануға берілген жылы – 1983. Су көзі Жолболды өзені.

Жолболды өзені таситын болса, 4,5 км қашықтықта орналасқан Ермол ауылдық округінің Иванковка ауылына қауіп төнеді. Су басу аймағында 90 үй бар, онда 215 адам тұрады.

Ақмола облысындағы үшінші апаттық бөгет – Основная бөгеті Шортанды ауданында орналасқан. Коммуналдық меншік 1967 жылы пайдалануға берілген, су көзі Дамса өзені.

Дамса өзені тасып, апаттық жағдайдағы бөгет қирайтын болса, 1,6 км-дегі Дамса ауылын су басуы мүмкін. Ауылдағы 7 үйде 24 адам тұрады. Бұдан бөлек Степное ауылы да зардап шегуі ықтимал. Ол бөгеттен 3,3 км қашықтықта орналасқан. Ауылда 8 үй бар, халық саны 29 адам. Апаттан зардап шегуі мүмкін тағы бір ауыл – Научный. Ол бөгеттен 2,8 км қашықта жатыр. Ауылдағы 26 үйде 158 адам тұрады. Ал Шортанды ауылында 10 үй бар, 25 адам тұрады. 3,1 қашықтықтағы бұл ауыл да су тасыған жағдайда зардап шегуі ықтимал. 

Шығыс Қазақстан облысындағы Қандысу су қоймасы Тарбағатай ауданында орналасқан. Республикалық менші, 1983 жылы пайдалануға берілген, жобалық көлемі 43,6 млн/м3, нақты көлемі 1,8 млн/м3, су көзі Қандысу өзені.

Қандысу өзені тасыған жағдайда су қоймасынан 200 метр қашықта орналасқан Жетіарал ауылы бірінші зардап шекпек. Онда 130 үй бар, халық саны 1 500. Оның ішінде 206 қарт адам, 475 бала бар. Маңырақ ауылы бөгеттен сәл қашықта 25 км жерде орналасқан, ондағы 190 үйде 1 285 халық тұрады. Оның ішінде 70 қарт адам, 320 бала бар. Ақжар ауылы да бөгет апатқа ұшыраған жағдайда қауіпке душар болуы мүмкін. Өзеннің төменгі ағысында 28 км қашықта жатыр. Ауылда 1 470 үй бар, халық саны 6 200. Оның ішінде 900 қарт, 1 800 бала бар.

Шығыс Қазақстан облысындағы тағы бір су қоймасы – Алтыбай Самар ауданында орналасқан. Коммуналдық меншік 1980 жылы пайдалануға берілген, жобалық көлемі 0,886 млн/м3, нақты көлемі 0 млн/м3 су көзі Алтыбай өзені.

Апаттық жағдайдағы қойма тасыған жағдайда 1,5 қашықтағы Белое ауылы су астында қалуы мүмкін. Онда 728 адам тұратын 239 үй орналасқан.

«Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерін су басу қаупі жоқ, екі су қоймасы транзиттік режимде», – делінген министрліктің берген ресми жауабында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама