Оқыс оқиға Байтұрсынов көшесінде болған
Елордада 9-қабаттан секірмек болған адамды құтқарған полицейлер мен тұрғын марапатталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Астана қаласы полиция департаментінің басшысы Марат Төлебаев оларды грамотамен марапаттады.
Полицияға тұрғын хабарласып, ер адамның 9-қабаттан секірмек болғанын айтып көмек сұраған. Оқиға орнына Алматы ауданының УПП-5 учаскелік полиция инспекторлары Мавлон Аманқұлов пен Азамат Төребай дереу жеткен. Олар тұрғын үйге жеткенде балконда тұрған ер адамның секіруге әрекет жасағанын көрген. Полицейлер 9-қабатқа тез көтеріліп, онымен сөйлесіп, райынан қайтаруға тырысқан. Бірақ ер адам айқайлап, жанына ешкімді жолатпаған.
Содан кейін тәртіп сақшысы өздеріне көмектескісі келген сол үйдің тұрғыны Ақан Хамидуллинмен бірге 8-қабаттың балконынан ер адамды ішке итеріп кіргізген. Осы сәтте 9-қабаттағы учаскелік инспектор секірмек болған адамды тез ішке қарай тартқан.
Құтқарылған 36 жастағы ер адамға психологиялық көмек көрсетілді.
Астана қаласының полиция департаменті Ақан Хамидуллинге алғыс айтты.