Қостанайда ер адамнан жарты жыл бойы ақша бопсалаған күдікті ұсталды
Одан қару-жарақ пен есірткі тәркіленді
Қостанай облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бопсалаушыны анықтады. Ол бұрын істі болған 29 жастағы азамат болып шықты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Тергеу барысында оның 2023 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында күш қолданып, қорқыту арқылы жәбірленушіге тиесілі 17 млн теңгесін иемденгені анықталды, – деді басқарма бастығы Серік Байғонов.
Жедел-тергеу іс-қимылдарын жүргізу барысында күдікті анықталып, ұсталды. Одан қару-жарақ пен есірткі тәркіленді. Қазір күдіктінің өзге қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 194-бабы («Бопсалау») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.