×

Петропавлда наурыз мейрамына арналған декорациялар далада жатыр

Әкімдіктегілер биыл Наурыз мерекесінде қаланы безендіруге қанша ақша жұмсалған нақты айта алмады

 Самат Жақып 21.04.2022 | 14:53
фотолар: Halyq Uni

Петропавлда наурыз мерекесіне орай қаланы безендіру үшін әзірленген түрлі шағын архитектуралық формалар қазір далада жатыр. Наурыз мейрамын атап өткенімізге бір ай уақыт өтпей жатып, бұл дүниелер ешкімге керек болмай қалған.

«Бізде Қарағандыда мұндай дүниелерді сақтайтын арнайы орын бар. Мереке өткен соң, декорациялардың барлығы сонда жеткізіледі. Ол ғимарат қаланың шетінде орналасқан. Ал сіздердегі көрініске айтар сөзім жоқ. Масқара ғой. Бұл дегенміз - ұлттың мәдениетін, салт-дәстүрін сыйламағандық», - дейді Теміртау қаласының тұрғыны Қабдуәлі Әбдімұратов.

Мамлютка қаласының тұрғыны Сергей Гринько мерекелік декорациялардың тегін жасалмағанын айтып, оны алдағы уақытта да пайдалану үшін дәл бұлай далаға тастай салуға жол бермеу керектігін айтты.

Қаладағы айыппұл тұрағының алдында жатқан қоқыстардың арасынан ұлттық киім киген қыздың мүсінін кездестіруге болады. Безендіруге арналған жарық шамдар үйіліп жатыр. Темір конструкциялар да бар.

Қалалық әкімдік өкілдері болса, қоқыста жатқан декорацияларды келер жылы қайта қалпына келтіретінін айтып, ағынан жарылды. Бірақ биыл шаһарда наурыз мерекесін атап өтуге нақты қанша қаражат жұмсалғанын дөп басып айтпады. Мәдениет бөлімінің басшысы концерттік бағдарламаларды ұйымдастыруға бюджеттен 8 миллион теңгедей қаржы қарастырылғанын жеткізді.

«Ол жер күзетілетін аумақ. Бұл декорациялар осыдан біренеше жыл бұрын Наурыз мейрамына қолданылған. Егер болашақта мерекеге тағы пайдаланатын болсақ, олар міндетті түрде жөнделеді. Биыл наурыз мейрамына деп шағын архитектуралық формаларды әзірлеу үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен бір тиын да ақша бөлінген жоқ. Барлығы демеушілердің қаражатына жасалды», - дейді Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Әкімдік қызметкері нақты қандай демеушілердің қаражатына жасалғаны туралы сұраққа тұщымды жауап бере алған жоқ.

Еске салайық, былтыр күзде Петропавлда қазақ зиялыларына арналған ескеркіштер қалалық мәдениет үйі маңындағы қоқыстан табылған еді. Ол жерде Мағжан Жұмабаев, Қаныш Сәтбаев, Қожаберген жырау сынды ұлы тұлғалар бейнеленген. Он жылдан астам уақыт бұрын 38 миллион теңгеге жасалған композияцияларды жергілікті билік орталық саябақтан алып тастаған. Бұл жағдай қоғамда қатты сынға ұшыраған соң әкімдіктегілер ескерткіштердің жөнделетінін айтты. Дегенмен, арада жарты жылға жуық уақыт өтті, бірақ мүсіндер әлі қалпына келтірілген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама