×

Ералы Тоғжанов жосықсыз мердігерлердің тізімін дайындауды тапсырды

Кейбір құрылыс компаниялары нысандарды тапсыру мерзімін әдейі кешіктіреді

 Динара Амантай 06.06.2023 | 11:27
Фото: Ақтөбе обл. әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысында құрылысы ұзаққа созылған әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Әлеуметтік нысандар құрылысының мәселелері облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиын барысында қаралып, оған мемлекеттік органдардың, құрылыс компанияларының, жобалау ұйымдарының басшылары қатысты.

Әлеуметтік саланы дамыту басым бағыттардың бірі болып қала бермек. Алайда шұғыл шешуді қажет ететін бірқатар мәселе бар. Оның ішінде әртүрлі себептермен уақтылы пайдалануға берілмеген әлеуметтік нысандарға тоқталамыз. Мәселе өзекті, біз себептерді анықтап, шешу жолдарын белгілеуіміз керек, - деп атап өтті өңір басшысы.

Қобда ауданының Терісаққан ауылында, Мұғалжар ауданының Алтынды ауылында, Ырғыз ауданының Жарма ауылында 60 орындық мектептің құрылысы, Ырғыз ауданындағы ангар типті спорт кешені және т.б. проблемалық нысандардың қатарына жатады. Аталған әлеуметтік нысандар жобасы құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты қайта қаралып жатыр немесе негізгі мердігерлердің жосықсыз болып белгіленуіне байланысты конкурстарды қайта тағайындау жұмыстары жүргізіліп келеді. Әрбір құрылыс нысаны бойынша қазіргі мәселесі жеке-жеке қаралды. Облыс әкімі жобаларды іске асыруға міндеттеме алып, бірақ оларды орындамаған мердігер ұйымдардың өкілдерін тыңдады.

Сонымен қатар, проблемалық нысандардың қатарында «Сафина» және «Эвелина» тұрғын үй кешендері бар. Бұл үйлердің тұрғындары бірнеше жылдан бері жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды ала алмай жүр. Аталған мәселемен олар 31 мамырда азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдаған өңір басшысына жүгінген болатын. Құрылыс компаниялары 5 және 7 қабатты үйлердің орнына 6 және 8 қабатты үйлер салу арқылы жобадан ауытқып кеткен. Бұл мәселе бойынша облыс әкімі құрылысты жобаға сәйкес жүргізуді тапсырды.

Кейбір құрылыс компаниялары нысандарды тапсыру мерзімін әдейі кешіктіріп, материалдардың қымбаттауына байланысты түзетулер енгізіп жатыр. Барлық компанияларды тексеріңіздер, әрбір нысан бойынша талдау жүргізіп, жосықсыз мердігерлердің тізімін дайындаңыздар. Қысқа мерзімде маған әр нысан бойынша шешу жолдарын беріңіздер. Халық игілігі үшін барлық мектептер мен спорт кешендері уақтылы пайдалануға берілуге тиіс, - деп түйіндеді сөзін облыс басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама