Қазақстанда 10 сотық тегін жер алу үшін нені білу керек

Халық үні

Жерді Қазақстанның кез келген өңірінен алуға болады

көрнекі фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда 18 жастан асқан кез келген азамат жеке тұрғын үй құрылысы үшін (ЖТҚ) 10 сотық жер телімін алуға Egov порталы арқылы кезекке тұра алады. Бұған дейін қазақстандықтар кезекке тұру үшін әкімдіктерге қағаз жүзінде өтініш тапсыратын.

Жер кодексінің 50-бабына сәйкес, Қазақстанның әрбір азаматы жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін (10 сотық жер) тегін алуға құқылы.

Өтініш беруші – 18 жастан асқан Қазақстан азаматы болуы керек. Өтініш бергенге дейін оның атында (жылжымайтын мүлік: пәтер, үй, гараж, жер учаскесі) не бары маңызды емес. Дегенмен, тұрғын үйді пайдалануға беру актісіне қол қойғаннан кейін ғана жер иесі атанады.

Жерді Қазақстанның кез келген өңірінен алуға болады. Ол үшін тұрғылықты жердің және тұрғылықты жер бойынша тіркеудің қажеттілігі жоқ.

Егер азамат бұдан бұрын мемлекеттен тегін жер телімін алған болса немесе елді мекенде ЖТҚ үшін бос жер телімі болмаса, жер кезегіне өтініш бере алмайды.

Егер бұрын бір өңірде жер теліміне кезекке тұрған болсаңыз, ал қазір өзге аймақтан жер алуға ниеттенсеңіз, 10 сотыққа кезек реті ертерек келген өңірден жер бір рет қана беріліп, қалған өтініштердің күші жойылады.

Заң бойынша, егер жер учаскесі шартта көрсетілген мерзім ішінде өз мақсаты бойынша пайдаланылмаса, жер қайтадан мемлекетке қайтарылады, ал жер алушыға айыппұл салынуы мүмкін.

Уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы жылжымайтын мүлікті сатуға өкілеттік бермейді. Нысанды сату үшін, ең алдымен, оны меншікке беру керек. Мұны тек үй салу арқылы жасауға болады.

Бастапқыда үй салынып, пайдалануға берілгенге дейін учаске уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беріледі. Шартта игеру мерзімі көрсетіледі. Оны жергілікті әкімдік анықтайды. Тұрғын үйді пайдалануға беру туралы актіге қол қойылғаннан кейін ғана меншік иесі бола аласыз.