Арман Хасенов 2020 жылдың 30 сәуірінде 3 жылға бас бостандығынан айырылған
Қарағандылық Арман Хасенов – «экс-президентті қорлады» деп сотталған алғашқы қазақстандық. Қылмыстық кодекстен Назарбаевқа тіл тигізуге қатысты қылмыстық жауапкершілік алынып тасталатын болса, белсенді өзін ақтау үшін сот шешіміне қайта шағымданбақ, деп хабарлайды Halyq Uni.
Белсенді Арман Хасенов Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында Назарбаевты балағаттаған 7 минуттық видеосы үшін қалай істі болғаны туралы және қазіргі жағдайы туралы айтып берді.
Ол 2020 жылы сәуірде Youtube желісінде жарияланған видеода елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның туыстарының байлығы туралы сөз қозғай келе, сөз соңында экс-президентті балағаттаған еді. Осы оқиғадан соң Қазыбек аудандық қылмыстық істер соты Хасеновтің бас бостандығын үш жылға шектеген.
Ол өзінің бір жарым жылдан соң жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босауға өтініш беріп, ақталып шыққанын айтады.
«Қазір еркін жүрмін. Ресми еш жерде жұмыс істемеймін. Қарағанды қаласында өз шаруаларымыз бар. Аяқ-қолымыз бар, қозғалып жатырмыз», – деген ол видеоны түсіргеннен кейінгі болған жағдайды баяндап берді.
Айтуынша, видеоны «Бәсе» арнасы жариялағаннан соң, әлеуметтік желілерде тез тарап кеткен. Сөзіне жауап беруге дайын екенін айтқан ол билік өкілдерінің келетінін біліп, үйінде күткен.
Ол кезде тұңғыш президентті балағаттағаны үшін қылмыстық жаза бар екенінен өзім де хабардар едім. Мені іздейтінін білгендіктен, тығылған жоқпын. Телефоным қосулы тұрды. Ертесі үйден шығып бара жатқанымда, олар мені подъезден күтіп алды. Бірден ҰҚК ғимаратына апарды. Телфондарымды тәркілеген соң, бір күн уақытша ұстау изоляторында жаттым. Ертесі санкция шыққан соң, ҰҚК-ның тергеу изоляторында 20 күндей отырдым, – деп еске алды белсенді.
Осыдан соң 30 сәуірде сот оның бас бостандығын үш жылға шектеп, пробациялық бақылаудан өтіп тұруды міндеттеген. Сонымен қатар үкімге сай жергілікті саябақта жазасы біткенше 100 сағат қоғамдық жұмыс істеген.
Белгілі болғандай, сотта Хасенов айыбын мойындап, күштеп кешірім сұрағаны айтылған. Хасенов өзінің видеосында қандай да бір конституциялық төңкеріске шақыру мақсаты болмағанын, дегенмен болған іске өкінбейтіндігін жеткізді.
Шынын айтайын, менің ісіммен айналысқан қызметкерлер сыпайы болды. Ешкім қысым көрсеткен жоқ. Сот кезінде өз кінәмді мойындадым. Себебі жас болған соң өзімнен үлкен адамға тіл тигізбеуім керек еді. Мен сол жағынан кешірім сұрадым. Бір өкінген тұсым, әке-шешемді уайымға салғаным. Өз ойымша, біз халық арасында өмір сүріп жатырмыз ғой. Күнделікті асүйде айтылатын әңгімені бар болғаны жария түрде жеткіздім. Қаңтар оқиғасы көрсетті ғой. Бастапқыда газ бағасынан, яғни экономикалық мәселеден басталған қозғалыс, артынан саяси сипатқа ие болды. Барлығы шаршады. 30 жыл бойы өзгеріс болған жоқ, – дейді Арман Хасенов.
Хасеновтің айтуынша, белсендінің видеосына биліктің бірден реакция танытуы авторитарлық жүйенің жаттанды әдісі. Өйткені биліктің бұлайша тез қимылдауы ықтимал жағдайлардың алдын-алуы екенін айтады.
Билік менің әрекетімен қорыққан жоқ. Тек мені локомотивке айналып кетпесін десе керек. Менен кейін басқалар да дәл осындай әрекетті қайталамас үшін өзгелерге сабақ болсын деген шығар. Тіптен мұндай ойды ойламасын деген мақсатта. Сол кезде осындай заңды қабылдағаны өте ақымақтық болды. Сол кісі (Назарбаев – ред.) мен отбасын ерекше қорғауға алғаны авторитарлық елдің белгісі, – деп түсіндірді ол.
Қазір Арман Хасенов қылмыстық кодекстен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасын көпшілік алдында қорлағаны және бейнесін бүлдіргені үшін жаза қолдану баптары жойылатын болса, сот шешiмiне апелляциялық шағым түсіруге дайын екенін жеткізді.
Негізі дәл қазір адвокат іздеп жатырмын. Заңнамадан 373, 374-баптар алынып тасталса, мені толық ақтауын сұрап сотқа арыз түсіремін. Жалғыз адам дәл біздің қоғамда ештеңе өзгерте алмайды. Қысым көрсететіні анық, – дейді Арман Хасенов.
Айта кетелік, жуырда мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Қылмыстық кодекстен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тіл тигізген, ар-ұжданын қорлаған азаматтарды жауапқа тартуды қарастыратын ереже алынатындығын мәлімдеген.
11 қаңтарда Конституциялық сот «Елбасы туралы» заң күшін жойғанын растаған. 13 қаңтарда парламенттің қос палатасы заң жобасын мақұлдады.