Шахмат мектеп бағдарламасына енгізілетін болды
Елімізде 200 мыңнан аса адам шахмат ойнайды
Биыл қыркүйекте пилоттық жоба ретінде шахматты мектеп бағдарламасына енгізіледі. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстанда шахматты дамыту жол картасы әзірленіп жатыр.
2016 жылы Қазақстанда 2-4 сынып оқушылары арасында шахматты үйрету бағдарламасын бастадық. Алайда коронавирус пандемиясы кезінде жобамыз сәл тоқтап қалды. Бүгінде бұл бағдарламаны қайта бастап жатырмыз, яғни енді біз 1-4 сыныптар арасында шахмат ойнауды үйреміз. Қазір шахматты дамыту жол картасы дайындалып жатыр. Биыл қыркүйектен бастап 30-ға жуық мектепте бағдарлама пилоттық жоба ретінде басталады, - деді Гүлмира Дәулетова Алматыдағы өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бүгінде елімізде 7 мыңға жуық шахмат секциясы бар.
«Олар мектептерде орналасқан. Қазір Қазақстанда 200 мыңнан аса шахматшы бар. Олардың саны күн сайын өсіп жатыр. Алматыда шамамен 50 мыңнан аса шахматшы бар. Деректерді Мәдениет және спорт министрлігінің ақпаратына сүйеніп айтып отырмыз», - деді атқарушы директор.