Алыстан ат арытып жеткен ауылдықтар тіпті сот залына да кіре алмады
Қызылорда облысының Қармақшы ауданында бүтін бір ауыл тұрғындары өздеріне тиесілі жерді бұрын судья болған азаматтан қайтара алмай жүр. Ауылдықтардың айтуынша, Нұрлан Іздібаев жалған құжаттар жасап, халыққа тиесілі жердің 98 пайызын заңсыз алып қойған. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Үлестерін қайтару үшін тұрғындар апелляциялық соттан көмек сұраған. Бірақ бұл жолы да сот дауды экс-судьяның пайдасына шешті.
Аппелляциялық соттың шешімі шығатын күні «Жерімізді қайтарады» деп үміттенген Ақтөбе ауылының тұрғындары таң атқаннан сот ғимаратына барған. Бірақ алыстан ат арытып жеткен ауылдықтар тіпті сот залына да кіре алмады. Экс-судьяның пайдасына шығарылған шешімді талап қоюшылар табалдырықта тұрып естіді.
Тұрғындардың айтуынша, бұрын судья қызметінде болған, қазір қожалық төрағасы Нұрлан Іздібаев ауылдағы 18 мың гектар жерді 9 жыл бұрын заңсыз алып қойған. Бұл жайттан мүлде хабарымыз болған жоқ дейді үлескерлер. Тіпті жерді пайдалану құқығын төрағаға беру туралы сенімхатқа қойылған көпшіліктің қолы да жалған екенін жақында білгендерін айтады.Осылайша, олар қожалық төрағасы егістік пен шабындық алқабының 98 пайызын тек жеке пайдасына алып, ауылға мүлде жағдай жасамай қойғанына ашулы.
Жалған сенімхаттар бар. Нотариустер жауапкершілікке тартылмады. Бұл жерде заң біржақты жұмыс істеп жатқан сияқты. Бұрын осы сот саласында қызмет еткен. Белгілі себептермен жұмыстан босаған. Бұл жердегі судьялармен ол әріптес болған. «Қарға қарғаның көзін шұқымайдының» кері, – дейді ауыл тұрғыны Нұрхан Мадияров.
Ал төрағаның өзі заңсыз әрекетке бармадым, ешкімнің жерін тартып алмадым деп отыр.
Сенімхат бойынша мен ешкімнің басын куәландыра алмаймын. Оған ҚР заңдарына сәйкес нотаруистер бекітіп береді. Сенімхат заңдылығымен жұмыс істеген. Мен нотариусты мәжбүрлей алмаймын, – деді «Ақтөбе и К» ЖШС-нің директоры Нұрлан Іздібаев.
Осы мәселеге байланысты қазір аудандық полиция «Жалған құжат жасау» бабы бойынша қылмыстық іс жүргізіп жатыр. Алайда Қызылордадағы экономикалық және апелляциялық сот та тұрғындар талабын қанағаттандырмады. Көпшілік мұны қожалық басшысының бұрынғы қызметімен байланысты деп күдіктенеді. Сондықтан олар енді Жоғарғы соттан үміт күтіп отыр.