Бұған дейін Fly Arystan әуе компаниясы белгілі айтыскерге ұшаққа домбырамен кіруге рұқсат бермей қойған
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов жолаушыларға қазақтың ұлттық аспабы домбыраны ұшаққа алып кіруге рұқсат беруді талап етті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутат сұрағын Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Азамат Бейісбековке қойды.
Өзіңіз де әлеуметтік желіден көрген шығарсыз. Біріншіден, қазір әуе компанияларында қазақтың ұлттық аспаптарына қарсы, әдейі бір жоспар құрып жатқан сияқты. Домбыраның ішінде бірде-бір металл жоқ. Оның құрамында қойдың ішегі мен қарағайдың ағашынан басқа ештеңе жоқ. Оның ешқандай зияны жоқ, - деді депутат Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында.
Ринат Зайытов қазақтың ұлттық аспабын ұшаққа кіргізуді талап етті.
«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп ақын Қадыр Мырза Әлі айтпақшы, бұл – мемлекетіміздің айнасы. Әуе компанияларына дұғай-дұғай сәлем айтыңыз. Мәселені қалай болса да шешіп беріңіздер. Қазақта өзі 4-5 ұлттық аспап бар. Оларды ұшаққа кіргізуге рұқсат беріңіздер. Егер рұқсат берілмесе, қолдарыңыздан келмесе, онда Астана мен Алматы әуежайына жоқ дегенде мың домбырашыны қойып, Адай күйін орындап, жалынып сұрайық», - деді ол.
Бұған дейін айтыскер ақын Айшолпан Тілеутай Fly Arystan бортсеріктері ұшаққа добырасымен бірге кіруге рұқсат бермей қойғанын айтқан еді.