Halyq Uni логотип
×

Шекара маңындағы ауылдарда Қытай байланыс операторы жұмыс істейді – депутат

Вице-министр шекарадағы радио толқындарын шектеу мүмкін емес екенін жеткізді

 Дәурен Ерболат 05.06.2023 | 11:43
Шекара маңындағы ауылдарда Қытай байланыс операторы жұмыс істейді – депутат
көрнекі фото: yandex.kz

Бүгінде шетелдік ұялы байланысты шектейтін қалқан керек. Себебі, шекарадағы аудан мен ауылдарда шетелдік ұялы байланыс пен радио толқыны жұмыс істейді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазақстанда шекарада орналасқан 50-ге жуық ауыл бар. Онда жол, медицина, ұялы байланыс, су мәселесі әлі де өзекті. Мысалы, кейбір ауылда медициналық пункт болса, фельдшер болмайды, ал кей ауылға жазда да, қыста да жету қиын. Ол жаққа жол жоқ. Жол болмаса, азаматтардың ол жақта тұруға құлқы болмайды, - деді депутат.

Депутаттың айтуынша, шекарада орналасқан ауылдарда шетелдік ұялы операторлары жұмыс істейді. Бұл ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді.

«Мәселен, Қытайды алайық. Зайсан, Марқакөл, Мақаншы, Алматы, Нарынқол маңында (шекара маңында орналасқан) Қытайдың ұялы байланыс операторы жұмыс істейді. Ресейге жақын орналасқан ауылдарда сол елдің ұялы байланыс операторы істеп тұр. Бұл Қазақстанның тұтастығына, ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін мәселе. Осы мәселені қалай шешеміз? ШҚО-дағы Тарбағатай мен Зайсанда министрлік пен әкімдік бірігіп, ұялы операторларын қойып жатыр, ал басқа шекаралас аудандардағы мәселе де осындай. Бұл мәселені шешу үшін Үкімет нақты іс-шаралар қабылдауы керек», - деді Ерлан Саиров.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәселе бірден шешілмейтінін жеткізді.

Шекаралас ауылдардың деңгейі әртүрлі. Шығыста бір жағдай, солтүстікте бір жағдай, Ресей жақта бір жағдай. Шекарадағы шекаралық заставаларды күшейту мен оның төңірегіндегі ауылдарды дамыту көзделіп отыр, - деді ол.

Сондай-ақ Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек шекарада радио толқындарды шектеу мүмкін емес екенін жеткізді.

«2019 жылы байланыс саласындағы өңірлік әкімшілік басшылары шекара арқылы радио ақпаратты таратудың максималды қашықтығы 15 шақырымға дейін деп бекітілді. Әкімдіктердің мәліметінше, Қазақстан шекарасында 770 ауыл орналасқан. Оның ішінде 228 ауылда шетелдік операторлардың байланыс сигналдары бар. Ол рас. Қолжетімді интернет жобасына сәйкес, біз 2024-2027 жылдары осы ауылдарға сапалы интернет тартуды көздеп отырмыз», - деді министрдің орынбасары.

Ерлан Сайыров Қытай, Өзбекстан, Ресей шетелдік ұялы байланыс операторларының қызметінін шектейтінін атап өтті.

Олар интернет дегеніміз идеология екенін біледі. Бізге де шетелдік ұялы байланысты шектейтін қалқан құруымыз керек. Бұл -  ұлттық қауіпсіздігіміздің ең негізгі аспектісі, - деп сөзін түйіндеді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама