1 400 ауылда интернет жоқ: депутат министрліктің дерегіне күмән келтірді
Мәжілісте «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы сөз болды
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Цифрлық даму, инновациялар, аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет туралы берген деректеріне күмән келтірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутат бүгінде байланыс пен интернет қазақстандықтардың өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын жеткізді.
- Цифрлық даму, инновациялар, аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дерегінше, 1432 ауылда интернет жоқ. Бұған қоса, интернетке қолжетімділікке қамтамасыз ету ғана емес, сондай-ақ жоғары бар жылдамдық интернетпен қамтамасыз ету маңызды.
Біздің мәліметіз бойынша, 3G-ге қосылған 2 мыңнан аса ауылда интернет байланысы тұрақсыз, ал кей уақытта мүлдем интернет болмайды. Біз мұны елдімекендерге барғанда, халықпен кездесулерде көріп жүрміз. Мысалы, Абай облысындағы Тарбағатай, Қараағаш, Емелтау, Мыңбұлақ, Қызылкесік сынды ауылдарында 3G бар деп есептелген.
Министрлік мәліметінше, бұл ауылдардың тұрғындары тау жағалап, төбелерге шығып, интернет іздеп жүр. Интернет жоқ. Өтірік, жалған мәлімет, - деді Нұртай Сабильянов Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында.
Депутаттың пікірінше, Цифрлық даму министрлігі әзірлеп жатқан «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасында аталған мәселені шешу жолдарын көрсетуге тиіс.
Аталған жобада барлық ауылдың тізбесін, жоғары жылдамдығы бар интернетке қол жеткізу деңгейін, интернетке жеткізу мерзімін, осы іс-шаралардың сапалы түрде іске асыруына жауапты тұлғаларды көздеуді қажет деп есептейміз, - деді ол.