Halyq Uni логотип
×

Семейліктер әбден тозған автобуспен қатынап жүр – Нұртай Сабильянов

Депутат әкімдердің жауапкершілігін күшейтуді талап етті

 Дәурен Ерболат 05.06.2023 | 11:15
Семейліктер әбден тозған автобуспен қатынап жүр – Нұртай Сабильянов
Семей қаласы, фото: ашық дереккөзден

Абай облысында автобустар (қоғамдық көліктер) тозып, былтыр жөнделген жолдар қайта шұрық тесілген. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттың айтуынша, облыс орталығында жол құрылысы мен көліктің даму қарқыны айтарлықтай артта қалып отыр.

- Ұлттық экономика жүргізген мониторингтің алдын ала деректері бойынша Қазақстанда (2021 жылдың қорытындысы бойынша) қала ішіндегі және кент ішіндегі жолдардың 63 мың шақырымы қанағаттандырарлықсыз жағдайда, ал ауыл жолдарында асфальт жоқ екені бәріңіз білесіздер.

Қоғамдық көлікке деген қажеттіліктің жоғары. Жергілікті жолдардың сапасыздығы ауылды аумақтардың арасындағы байланысты әлсіз болуына алып келеді, әрі олардың экономикалық дамуына кедергі келтіреді, - деді депутат Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында.

Нұртай Сабильянов әбден тозған қоғамдық көліктерге қатысты қазақстандықтардан шағым көп түсетінін айтты.

- Мысалы, маршрут желілері тиімсіз, жүру ыңғайсыз. Қоғамдық көліктің жұмыс уақыты шектеулі, қаланың шетіндегі ауылдарға бара бермейді.

Мұндай жағдай Семей қаласында өте өзекті болып отыр. Үш жыл болды, Семейде қаласындағы қоғамдық көлік дұрыс жұмыс істемейді. Онда автобустар ескі, қала шетіне бармайды, кешкі 7-ден кейін тоқтап қалады. Автобустардың техникалық жағдайы нашар.

Осыған байланысты уәкілетті және мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар бұған ерекше назар аударуы қажет. Тасымалдаушыларға берілетін субсидиялар халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру үшін автобустар алуға берілуге тиіс, - деді депутат.

Депутат жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге, оған жұмсалатын бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бақылауды күшейту керек деп санайды.

Былтыр ғана Аягөз қаласындағы 3-4 көшедегі жолдар жөнделген. Биыл қаз қалпына қайта келді: шұңқыр-шұңқыр, бүлінген. Бұл жолдардың сапасыздығы әкімдерде жауапкершілік жоқ екенін көрсетеді, - деді Нұртай Сабильянов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама