Шетелдік универлердің филиалы қай қалаларда ашылатыны белгілі болды
Былтыр Қазақстанда үш шетелдік университеттің филиалы ашылды. Биыл жыл соңына дейін тағы шетелдік алты университеттің бөлімшесі ашылады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Былтыр Алматыда Мәскеу инженерлік физикалық институты, De Montfort University филиалдары мен Атырауда Губкин универитетінің филиалы ашылды.
«Биыл алты мықты университеттің филиалын ашуды көздеп отырмыз. Heriot-Watt университетімен бірлесіп Ақтөбедегі Жұбанов Университеті негізінде Педагогикалық зерттеу орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Оңтүстік Корея парламенті Сеул ұлттық ғылым және технология университетін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде филиалын ашу үшін 1 млрд теңге қаржы бөлді. Сондай-ақ Ақтау қаласында Неміс инженерлік институты ашылады. 20 маусым күні Германияның федералды президенті ресми сапармен келеді. Сол кезде құжаттарға қол қойылып, 21 күні ресми түрде ашатын боламыз», – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Білімді ұрпақ – білімді ел» білім конференциясында.
Бұдан бөлек, Таразда Менделеев атындағы Ресей химия технология университеті, Алматыда Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты мен Шымкентте Гази университетінің филалдары жұмысын бастайды.
Сонымен қатар, 2029 жылға дейін Ұлытауда Канада университеттерінің консорциумы, Астанада Penn State University, Семейде University of Reading мен Өскеменде Лу Бань шеберханасының филиалы ашылады деп жоспарланған.
3-5 жылдың ішінде мақсатымыз Study Inn Kazakhstan оқу брендін қалыптастыру. Біздің азаматтарымыз бен шетелден келген азаматтар енді Қазақстанда тек қана қазақ дипломын емес, британдық, америкалық, корей, түрік, неміс, француз, қытай дипломын алуға да мүмкіндік береміз. Сондықтан жоғары білімнің келбеті де, мазмұны мен сапасы да өзгереді, – деп қосты министр.