Halyq Uni логотип
×

24 жастағы қазақстандықтың Таиландта комада жатқаны белгілі болды

Жігіттің ата-анасы Пхукетке ұшып барған

 Халық үні 04.06.2023 | 12:29
24 жастағы қазақстандықтың Таиландта комада жатқаны белгілі болды
Фото: СІМ баспасөз қызметі

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Таиландтағы қазақстандық Артур Ысқақовқа қатысты ақпарат таратты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Отандасымыздың жағдайы ауыр, қазір комада жатыр. Жергілікті биліктің ескертуіне және тыйым салуына қарамастан ол теңізге түсіп, көп су жұтып қойған. Кейінгі күндері Пхукетте қатты толқындар көтеріліп жатыр, – делінген ақпаратта.

Ресми ақпаратқа сәйкес, қазақстандық азаматтың денесін судан шығарғаннан кейін құтқарушылар оны дәрігерлерге тапсырған. Қазір ол жансақтау бөлімінде ем алып жатыр.

Бұған дейін қазақстандық азаматтың туыстары оны Қазақстанға жеткізуді сұраған. СІМ ол үшін қазақстандық дәрігерлер консилиумының қорытындысы қажет екенін хабарлады.

Отандасымызды Таиландтан Қазақстанға санавиация ұшағымен тасымалдау үшін қазақстандық дәрігерлер консилиумының қорытындысы қажет. Ол тай дәрігерлерінің медициналық шешімі негізінде жасалады, – делінген ақпаратта.

Қазіргі консул бұл мәселемен айналысып жатыр. Құтқарылған жігіттің ата-анасы Пхукетке ұшып барып, дипломаттармен бірге дәрігерлермен келіссөздер жүргіп жатыр.

Сондай-ақ министрлік Таиландта демалып жатқан Қазақстан азаматтарын жергілікті билік органдарының ережелері мен талаптарын сақтауға және метеорологиялық шектеулер кезінде теңізге түспеуге шақырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама