70 жастағы зейнеткер марқұм ұлы қызмет еткен мекеме кейінгі уақтты жағдайын білуді қойғанын айтады
2021 жылы Байзақтағы жарылыс кезінде қайтыс болған өрт сөндіруші Руслан Жанболатовтың анасы қазір жалғыз тұратынын айтып Halyq Uni тілшісіне хабарласты. Зейнеткердің айтуынша, денсаулығы сыр берген, алайда марқұм ұлы қызмет еткен мекеме кейінгі уақтты жағдайын білуді қойған.
Марқұм Руслан Жанболатов Қорғаныс министрлігіне қарасты 28349 әскери бөлімінде өрт сөндіруші болып жұмыс істеген.
Руслан басында Тараздағы бөлімде жұмыс істеді. Байзақтағы бөлімге бірнеше әріптесінің ауысып жатқанын айтып, жұмыс орнын ауыстырған еді. Себебі ол жерде еңбек өтіліне бір жыл бір жарым жыл ретінде есептеледі екен. Еңбек өтілі үшін барған. Ажалына тура келді..., - дейді марқұмның анасы Гүлбахрам Болысбаева.
Айтуынша, 2021 жылдың 26 тамызына дейін Руслан Жанболатов бір апта тоқтамай жұмысқа шыққан.
Жеті күн бойы жұмысқа шықты. Демалатын күні келсе де, басқа жігіттің өтініші бойынша орнына жұмысқа барған. Өзінің алдындағы әріптесінен жұмысты қабылдап алған кезде түтеп жатыр екен. Үш өрт сөндіруші мен жанында тағы бір азамат болған. Төртеуі өліп кетіп отыр, - Гүлбахрам Болысбаева.
Марқұмның анасы сағат кешкі жеті шамасында қатты жарылыс болғанын айтады.
Сол жарылыста төртеуі қайтыс болған. Содан кейін қаладағы өрт сөндірушілерді шақырған, - дейді әйел.
ЖАЛҒЫЗ ТҰРАМЫН…
Қазір тараздық Гүлбахрам Болысбаева марқұм ұлы жұмыс барысында алған пәтерде тұрады. Ал келіні Руслан Жанболатов қайтыс болғаннан кейін мемлекеттен берілген қаражатқа пәтер алған.
Сол оқиғадан кейін алты ай өткен соң келінім 3 баласымен бірге жаңа пәтерге көшті. (...) Менің денсаулығым жоқ. Екі бүйрегіме байланысты жүре алмаймын. Руслан қайтқаннан кейін қатты ауырдым. Үкімет сондай батырды дүниеге әкелген ананың сыртынан қарап тұруы керек қой. Жағдайы қалай болып жатыр деп... Ешкімді көрген жоқпын. Келініме барып жатқан шығар, оған таласым жоқ. Оларға баруға міндетті. Мен айдалада тасада қалдым, - дейді 70 жастағы зейнеткер.
Гүлбахрам Болысбаева денсаулығының нашар екенін айтып, емделуге көмек беруді сұрайды.