Аралда колледж басшылығы бірден 14 мұғалімді жұмыстан заңсыз шығарған
Қызметтен босатылғандардың арасында жалғызбасты және көпбалалы аналар бар
Қызылорда облысы Арал ауданындағы индустриалды-техникалық колледждің бір топ мұғалімі жұмыстан шығарылған. Оқу жылы басталғалы бері білім ошағы басшылығы мен мұғалімдер арасында болған даудың соңы осылай біткен.
Мұғалімдердің бірі Балтабай Жиентаевтың айтуынша, әуелде қыркүйек айында жиырмадан астам адамның штаты еш келісімсіз жарты штатқа кеміген. Қызметкерлер оған жаппай наразылық білдірген соң, қараша айында кейбірінің штатын 0,75-ке көтереді. Бірақ ешқандай еңбек шарты жасалмаған.
Коллед басшылығы жаңа жылдан бастап бәрін толық штатқа ауыстырамыз деп ауызша уәде берген. Алайда уәде орындалмай, 12 сәуірден бастап жалпы саны 14 қызметкерге қатысты біржақты шешім қабылдап, мәжбүрлі түрде жұмыстан шығарды, - дейді Балтабай Жиентаев.
Жұмыстан шығарылған ұстаздардың алды 20 жылдан бері колледжде сабақ беріп келе жатса, қалғаны кемі 5 жылдан бері қызмет етіп жүр.
Қыспаққа ұшырағандардың бірі - Данара Сисенова есімді жеті баланың анасы. Бір баласының мүгедектігі болса, тағы бірі әлі үш жасқа толмаған. Штат бірлігі азайған алғашқы 4 айда қатты қиналған Динара енді жұмыстан қысқарғанда әбден тығырыққа тірелгенін айтады.
«Колледжге 2003 жылы қабылдандым. Сол жылы теңіз «Үлкен Арал» және «Кіші Арал» деп бөлініп, соған қатысты балық өңдеу кәсібін дамыту үшін мамандық ашып, негізін қаладық. Осыған дейін талай тексеру жүрді, бірақ бірде-бір рет мамандығымның жарамайтыны туралы ескерту жасаған жоқ. Тағам және тағам өнімдерінің технологиясы мамандығын инженер-технолог ретінде бітірдім. Одан кейін де нақты сабақ беретін пәніме қатысты білім алған сертификаттарым бар», - дейді ол.
Қысқарғандардың тағы бірі - Зухра Сүлейменова есімді жалғызбасты ана. Кәмелетке толмаған екі баласы бар. Несиесі өз алдына, басында баспанасы да жоқ.
«Маған 1-2 ай бұрын ескерткен жоқ. 14 жылдық еңбек тәжірибем бар. Беріп жүрген сабағыма мамандығым сәйкес келмейтінін айтты. Бірақ облыстан сондай шешім шығарғаны туралы үкім қағазын бізге бермей тұр. 4 сәуірден бастап денсаулығыма қатысты демалыста болғанмын. Өткен аптада жұмыстан босатылғанымды айтып, еңбек кітапшамды қолыма берді», - дейді ол.
Қызметкерлердің шағымына байланысты тексеріс жүргізген облыстық еңбек инспекциясы мұның бәрін кемшілік ретінде тізіп, орындалуы тиіс шара ретінде колледж басшылығына нұсқама беріп кеткен.
Себебі, қызметкерлердің штат бірліктері ауыстырылған кезде еңбек шартына толықтырулар мен өзгерістер енгізілмеген. Демек, жұмыс беруші қызметкерлерді негізгі еңбек шартында көзделген жұмыспен қамтамасыз етуге міндетті болған. Яғни, 8 сағаттық жұмыс режимімен толық қамтамасыз етілмеген жағдайда бос сағаттарына тиісті ақы төленуі керек. Егер мұның бәрі жұмыс берушінің кінәсінен болса, жалақының кемі 50%-ы деңгейінде төленуге тиіс. Бірақ бұл айтылғандардың бірде-бірі орындалмаған.
Одан бөлек, «Мамандығы сәйкес келмейтіндерді» жұмыстан шығару жөніндегі комиссияның құрамында болған 6 адамның бесеуі колледж қызметкері екен. Араларында жалғыз облыстан келген кәсіподақ заңгері комиссия қорытындысына қол қоймаған.
Аралдағы білім мекемесінің оқытушыларына қатысты мәселенің мән-жайын сұрап білу үшін өткен аптадан бері колледж директорына хабарласу мүмкін болмады. Мекеме басшысы телефон тұтқасын көтермейді, ал облыстық білім басқармасы Halyq Uni тілшісінің ресми сауалына әлі күнге дейін жауап берген жоқ.