×

Астанада мүмкіндігі шектеулі азамат кәсіп бастап, үй сатып алды (ВИДЕО)

Қиын сәтте зайыбы қолдау көрсетіп, өмірге қайта құштарлығы артқан

 Халық үні 02.06.2023 | 16:12

Астанада мүмкіндігі шектеулі азамат кәсіп бастап, үй сатып алды. Аслан Ысқақов – Қарағанды облысының тумасы. Ер адам бірнеше жыл бұрын қатты сырқаттанып, кейін мүгедектігі бар болып қалған. Алайда соған қарамастан қиын сәтте әйеліне қолдау көрсетіп, өмірге деген құштарлығын кәсібі арқылы арттырған. Еңбек етіп, елорда төрінен 2 бөлмелі пәтер сатып алды.

Аслан Ысқақов арбада отырса да күн сайын 3 сағат жаттығады. Осындай тұрақты жаттығудың арқасында аяққа тұрып кететініне сенеді.

Осыдан 5 жыл бұрын қыздарым «ветрянкамен» ауырды. Ол маған жұқты. Бір апта ауырдым. Аяғым ұйып, жүре алмай қалдым. Кейін қолдарым маған бағынбай кетті. Дәрігерге қаралғаннан кейін мидың артқы бөлігіне инфекция түскенін білдік. Жаттығу жасап, қолдарымды қалпына келтірдім. Қазір белімнен төмен ештеңе сезбеймін. Ыстық су құйсаң да, қарап тұра беремін, – дейді Аслан Ысқақов.

Аслан Ысқақовтың екі қызы бар. Ер адам қыздарының, отбасының болашағы үшін тырысып, аяққа тұруы қажет екенін айтады. Күнделікті тіршілікте әйеліне де салмақ салғысы келмейді. Сол себепті орнынан тұруға көмектесетін құрылғы ойлап тапқан. Ол пәтердің ішінде тұр.

Аслан Ысқақов әйелімен бірге

Астаналық ер адамның бір өкініші бар. Ол – мектептегі ата-аналар жиналысына қатыса алмауы. Айтуынша, арбада отырған адамдар мектепте емін-еркін қозғала алмайды. Себебі білім ордасының ішінде лифт болмайды. Жиналысқа баруы үшін жанында кемі екі ер адам еріп жүруі керек болады. Сондықтан қыздарының мектептегі жиналысына әйелі қатысады.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге құштарлығы мен талпынысы қоғам саулығының белгісі. Бұл тұрғылда, Аслан Ысқақов өмірден баз кешкен азаматтардың көбіне айтары бар – ешқашан берілмей, тек алға ұмтылу керек, адам баласы сол кезде шын бақытты таппақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама