Павлодар облысында педикулез паразитін жұқтырғандар көбейген
Олардың арасында балалар да бар
Биыл Павлодар облысында бит жұқтыру дерегі жиілеген, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 2023 жылғы 4 айда педикулездің 86 дерегі тіркелген. Оның 44 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында болған.
Сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда – 11,14 адам. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, көрсеткіш 23,27% өскен, - деп жазылған хабарламада.
Педикулезбен ауырған балалар мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарына қабылданбайды.
Сондай-ақ департамент мамандары педикулез (бит) анықталған жағдайда міндетті түрде дәрігерге қаралуға кеңес береді. Өйткені педикулез паразиттік ауру болып саналады және науқас медицина қызметкерлерінің бақылауында болуға тиіс. Олар биттерді жою бойынша ұсыныс береді. Педикулезбен ауыратын науқастардың төсек-орындарына, киімдеріне дезинфекциялау жүргізіледі.
Бұл аурумен ауырған балалар санациядан кейін мектепке дейінгі білім беру және жалпы білім беру мекемесіне педикулездің жоқтығы туралы медициналық анықтама болғанда ғана қабылданады.