Астанада 70-ке жуық көшенің аты өзгереді
15 мектептің аты да жаңаша болады
Астана әкімдігі орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында 60-тан аса көше мен 15 мектептің атауын өзгертуді ұсынды.
Ұсынысты Астана қаласы тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Молдабаева білдірді. Оның айтуынша, қазір 60-тан аса көше мен 15 мектепке жаңа атаулар беру бойынша дайын ұсыныстар бар. Бұл ұсыныстар алдағы уақытта өтетін ономастикалық комиссия отырысының күн тәртібіне енгізіледі.
«Астанада 17 даңғыл, 4 тасжол және 1 110 көше бар. Олардың көбі 1997 жылдан кейін көрнекті тұлғалар мен тарихи топонимдердің құрметіне жаңа атауларға ие болды. 2023 жылдың басынан 9 орталық көшеге, 1 алаңға, жаңадан құрылған ауданға атау берілді. Сондай-ақ 2 көшеге атау берілді. Былтыр да 41 көше мен алаңның аты өзгерді.
Мысалы, қала көшелеріне көрнекті қолбасшы Сұлтан Бейбарыс, журналист Әскен Нәбиев, балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаев, белгілі академик, энергетик Шафик Шөкин сияқты адамдардың аттары берілді. Сондай-ақ Орал Мұхамеджанов, Сафуан Шаймерденов, Дүкенбай Досжан, Еркеғали Рахмадиев сияқты Қазақстан қайраткерлерінің есімдері және Бозоқ, Ботай, Түймекент сияқты жер атаулары бар.
Жақында халықаралық қарым-қатынасты нығайту мақсатында астананың көшелерінің біріне Әзербайжанның бұрынғы президенті Гейдар Әлиевтің есімі, жаңа алаңға «БҰҰ алаңы» деген атау берілді», – деді ол.
Енді қаладағы 60-тан аса көше мен 15 мектепке жаңа атаулар беру бойынша ұсыныстар дайындалып отыр.
Бұған дейін Мәдениет және спорт министрлігі елімізде елді мекендер мен көшелердің атауларын өзгерту кезінде тұрғындардың пікірі ескерілетінін хабарлаған болатын.