Елімізде жыл соңына дейін студенттер үшін 26 жатақхана салынады
2026 жылға дейін жатақханаларды 30 мың адам пайдаланады
Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен жиында студенттерге арналған жатақханалар салу мәселелері талқыланды, деп хабарлады Primeminister.kz.
Президенттің тапсырмасы бойынша 2026 жылға дейін ел бойынша студенттік жатақханаларда 30 мың орын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Қарағанды және Маңғыстау облыстарында 900 орындық екі жатақхана пайдалануға берілді. Елімізде жыл соңына дейін 8,3 мың орынға есептелген тағы 26 жатақхана пайдалануға беріледі.
Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл мәселеде М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен облыс әкімдігі арасындағы өзара іс-қимылдың оң тәжірибесін атап өтті. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жақында өңірге жасаған сапары барысында да айтылды.
Алайда, кезекті мониторинг барысында Астана, Алматы және Көкшетау қалаларында қаржыландырудың болмауынан және басқа да себептерден, құрылыстың үзілу қаупі айқын 2,1 мыңнан аса орындық 6 жатақхана, сондай-ақ Павлодар облысында жатақхананы реконструкциялаудың кешігуі анықталды.
Жиында министрліктің жаңа жеткізушілерді табу бойынша қосымша жұмыс жүргізгені айтылып, жоспарға 1600-ден аса орынға арналған 8 әлеуетті нысанды енгізу ұсынылды. Оларды пайдалануға беру осы жылдың соңына дейін Астана, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысында іске асырылады. Бүгінде инвесторлармен алдын ала келісімдер жасалып жатыр. Әкімдіктер жол карталарына өзгерістер енгізуде.
Студенттік жатақханалардың құрылысы президенттің тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатыр, студенттерді жатақханамен қамту бойынша барлық жоспарлар қатаң сақталуға тиіс. Бұл ретте салынып жатқан жатақханалар санын көбейту бастамасы құпталады, – деді премьер-министрдің орынбасары.
Сондай-ақ Алматы қаласында жобалық кеңсе ашылған сәттен бері студенттер жатақханасын салу бойынша 130-дан аса инвесторға кеңес берілгені айтылды. 29 мамырда Астанада осындай жобалық кеңсе ашылды.
Кеңес қорытындысы бойынша премьер-министрдің орынбасары әкімдіктерге проблемалық нысандардың мәселелерін жедел шешіп, жыл соңына дейін жатақханаларды пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды. Ғылым және жоғары білім министрлігі тапсырмаларды толық көлемде орындау бойынша жұмысты жалғастыруы қажет.