×

Жаңаөзенде 2025 жылға дейін жаңа үш мектеп салынады

Маңғыстау облысында бірнеше жылда 21 мектеп салынады деп жоспарланған

 Халық үні 02.06.2023 | 12:59
Фото: Halyq Uni

Маңғыстау облысында халық саны қарқынды түрде өсіп, оқушылардың саны да артқан. Соған байланысты облыста 2025 жылға дейін 21 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қазір облыста 15 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Бұл мәселені шешу үшін былтыр 21 жекеменшік балабақша (1 617 балаға арналған), 2 мектеп (1 800 орынға лайықталған), 2 мектепке қосымша нысан (624 балаға арналған) және 12 жеке мектеп (4 650 орындық) салынды. Облыстағы апатты жағдайдағы 2 мектеп мәселесін шешу үшін «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін 21 мектеп пайдалануға беріледі, - деді Маңғыстау облысы әкімі.

Айтуынша, бұл мектептер 22 мың оқушыға лайықталады.

8 мектеп Ақтауда, үш мектеп Жаңаөзенде салынады. Сондай-ақ Бейнеу ауданында – 2, Маңғыстау ауданында – 2, Мұнайлы ауданында 6 мектеп салу жоспарланған. Тізімді жасау барысында туу көрсеткіші мен ішкі көш-қон ескерілді. 2023 жылға 13 мектеп жоспарланған, қазір 10 мектептің құрылысына конкурс жарияланды, - деді Нұрлан Ноғаев.

Сондай-ақ биыл 4 мектептің құрылысы аяқталады.

Айта кетейік, 2021 жылдан бастап ауыл мектептерін жаңғырту жұмыстары басталды. Кейінгі екі жылда 43 мектеп жаңғыртылды. Облыс әкімінің айтуынша, 2025 жылға дейін 103 ауыл мектебін жаңғырту көзделген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама