«Театрландырылған көріністер қоюдың қажеті жоқ»: БҒМ мектептерде Жеңіс күнін атап өту жайлы
9 мамырға арналған мектеп линейкалары жоспарланып отырған жоқ
Мектептерде 7 және 9 мамырда атап өтілетін мерекелер қарсаңында патриоттық тәрбие беру, соғыс ардагерлерінің жеңіске қосқан үлесі, Отанға деген сүйіспеншілік, ізгілік, бейбітшілік пен келісімнің маңыздылығы тақырыптарында сынып сағаттары өткізіледі. 9 мамырға арналған мектеп линейкалары жоспарланып отырған жоқ. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
«Әскери киім мен керек-жарақтарды қолданудың, театрландырылған көріністер қоюдың қажеті жоқ. Білім беру ұйымдарына осы мәселе бойынша ұсыныстар жіберілді», - делінген БҒМ жауабында.
Биыл Қазақстанда Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай дәстүрлі әскери парад өтпейтін болды. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың айтуынша, шеру өткізу қып-қызыл шығын. Оған жанар-жағармай қажет, іссапар шығындарынан бөлек, жеке құрамды тамақтандыру қажет.