Алдағы уақытта жобаға қатысушылардың саны артады
«ҚазМұнайГаз» АҚ алғаш рет Жаңаөзен қаласындағы балаларға арналған «Жарқын болашақ» жобасының қорытындысын жариялады, деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Жоба оқушылар мен студенттерге сапалы білім беруді, Қазақстандағы үздік мектеп-интернаттары мен колледждерде оқытуды көздейді.
Оның аясында биыл Жаңаөзеннен 227 оқушы іріктелді. Жобаның 149 қатысушысы еліміздегі үздік колледждерде оқуға мүмкіндік алды. Тағы 12 бала республикалық өнер колледждеріне, 6 оқушы олимпиадалық резервтегі республикалық спорт мектеп-интернаттарына түсті. 10 жасөспірім республикалық физика-математика мектебіне оқуға қабылданды, ал 50 оқушы Бурабайдағы (Ақмола облысы) IQanat High School of Burabay (IQanat) мектеп-пансионатында оқитын болды.
2022-2023 оқу жылының бірінші жартыжылдығында колледждердегі 160-тан аса студент қорытынды емтиханды сәтті тапсырды. Оның 12-сі алғашқы семестрді «өте жақсы», ал 121 студент «жақсы» деген бағамен бітірді. Спорт мектептері мен республикалық физика-математика мектебінде оқитын жаңаөзендік оқушылар да жақсы нәтиже көрсетті.
Бірінші жартыжылдықтың нәтижесі бойынша IQanat мектеп-интернатындағы жаңаөзендік тәрбиеленушілер сабақ үлгерімін жақсартты. Үшінші тоқсанның қорытындысына сәйкес олар химия, ағылшын мен орыс тілдері, биология пәндері бойынша айтарлықтай ілгеріледі.
Жобаға қатысқан оқушылар қысқа уақытта бірқатар халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық пәндік олимпиадада, сондай-ақ қоғамдық, әдеби және спорттық іс-шараларында оза шауып, жетістікке жетті. Үздік деп танылғандар білімі мен дарыны үшін марапатталды.
Биыл жазда «Жарқын болашақ» жобасы аясында жаңа іріктеу жүргізіледі. Нәтижесінде 400-ден аса бала жобаға қатысуға мүмкіндік алады.
Алдағы уақытта «ҚазМұнайГаз» АҚ жобаға қатысатын оқушы санын көбейтуді жоспарлап отыр. Осылайша, ұлттық компанияның бастамасымен балаларға сапалы білім алуға жағдай жасалады.
Айта кетейік, 2022-2023 оқу жылында «Жарқын болашақ» жобасы Samruk-Kazyna Trust қоры арқылы «Өзенмұнайгаз» АҚ, «ҚазМұнайГаз» бастамасымен іске асты.