Маңғыстау облысында ауыл мектебін екі-ақ оқушы бітірді (ВИДЕО)
Олар алда өздері қалаған оқу орнына түсеміз деп отыр
Биыл Маңғыстау облысының Сарға ауылындағы Бейнеу мектеп-интернатын екі-ақ түлек бітірді, деп хабарлады mangystaumedia.kz.
Жалпы, осы оқу жылында Маңғыстау облысында 7 439 оқушы мектеп бітірген. Соның екеуі – Сарға ауылындағы Бейнеу мектеп-интернатының оқушылары.
Портал мәліметінше, Сарға ауылында негізінен екі мектеп бар. Оның бірі – Ә.Жангелдин атындағы білім ордасы. Мектепте 350-ден аса оқушы білім алады. Ал екіншісі – Бейнеу мектеп-интернаты, мұнда оқушы саны – 104. Оның 50-і интернатта жатып оқиды. Оқушыларға 29 мұғалім сабақ береді.
Мектеп директорының айтуынша, оқушылардың көбі – жақын маңдағы ауылдар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары. Сондай-ақ мектеп директоры оқушылардың дені 9-сыныптан кейін колледжге түсіп кететінін, сондықтан биыл екеуі ғана мектеп бітіріп жатқанын атап өтті.
Былтыр осы сыныпқа көрші ауылдан екі ер бала келіп оқыған еді. Алайда 11-сыныпқа көшетін уақытта олар кетіп қалды. Себебі дене тәрбиесі секілді сабақтар ер балалар үшін қызықсыз болды, – дейді мектеп директоры Айса Сағындықов.
Мектеп басшысының айтуынша, бір сыныпта екі оқушының ғана болуы өте қиын, өйткені білім алуда мүлде бәсеке болмайды.
«Оқушы аз болған жерде өзара жарысып оқу деген болмайды. Егер сыныпта 15-20 оқушы болса, сабақ қызықты бола түсетіні сөзсіз. Ал екі оқушы болғаннан кейін оларды ынталандырып, қызықтыру мұғалімге оңай емес. Біздің биылғы түлектердің екеуі де қыз балалар. Алда өздері қалаған оқу орнына түсеміз деп отыр», – дейді Айса Сағындықов.