×

15 мың қазақстандық су астында қалуы мүмкін – депутат

Өңірде егін егетін жер де тозған

 Дәурен Ерболат 01.06.2023 | 13:25
Фото: YK-news.kz

Шығыс Қазақстан облысындағы ескірген су қоймалары салдарынан 15 мың адамға су астында қалу қаупі төніп тұр. Бұл туралы Сенат депутаты Ольга Булавкина айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады. Айтуынша, Үйдене су қоймасы шамамен 10 жылдан бері апатты жағдайда тұр. 2017 жылдан бастап бөгетті жаңғырту жұмыстары басталған. Алайда қаржыландырудың болмауына байланысты жоба тек 35% орындалыпты. Дайындалған жобалау-сметалық құжаттардың мерзімі де аяқталған. Сондай-ақ өңірдегі басқа да су қоймаларының жағдайы мәз емес.

ШҚО-дағы 2 су нысанының жағдайы осыған ұқсас. Мысалы, Тарбағатай ауданының Қандысу су қоймасы мен Күршім ауданының Орта-Теректі су қоймасы 2019-2021 жылдар аралығында жөнделуге тиіс еді. Бөгеттер тасқын судан бұзылса, су басу аймағында 15,5 мың адам қалады. Магистральдық және шаруашылық ішілік арналардың техникалық жай-күйінің нашарлығы тасымалдау кезінде көп мөлшердегі судың жоғалуына әкеп соғады. Бұл су қоймалары апатты жағдайда болғандықтан ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ететін бірден-бір көз бола алмайды. Суару үшін су беру мүмкіндігі де жоқ. Сондықтан дақылдардың өнімділігі төмен, - деді Ольга Булавкина. 

Сенатор жердің тозуы да аталған аудандардағы өзекті мәселенің бірі екенін атап өтті.

Өңір тұрғындарының өміріне қауіп төндіріп тұрған авариялық жағдайға байланысты ШҚО су қоймаларына кешенді тексеру жүргізуді сұраймын. Төтенше жағдайларды болдырмас үшін облыстың апаттық жағдайдағы су нысандарына қаржыны Үкімет резервінен уақтылы бөлу керек. Шекара маңындағы аудандардың стратегиялық маңызын ескеріп, аграрлық секторды қолдау үшін су көздерін толық пайдалану проблемасын жан-жақты қарау қажет.

Осы нысандарда жөндеу жұмыстарының мерзімін қысқарту, әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік органдар арасындағы бюрократиялық кедергілерді азайту үшін жоғарыда аталған шаралардың іске асырылуын бақылау үшін бірыңғай орталық – атқарушы орган айқындалсын», - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама