Ол көлігін кім өртеуі мүмкін екенін болжай алмады
31 мамырда БҚО-дағы Жаңақала ауылында аудандық судья Ілияс Іргебаевтың көлігі өртенді. Бұл жөнінде Uralsweek.kz хабарлады.
БҚО ТЖД мәліметінше, кеше сағат 5:06-да Жаңақала ауылында Тәуелсіздік көшесі, 14-үйде Toyota Camry автокөлігі өртенді. Көліктің артқы бампер және сигнал шамдары жанып кетті. Автокөлік газбен жабдықталмаған, өрт сөндіргіш қолданылмаған. Жалын өрт сөндірушілер келгенге дейін сөндірілді. Автокөлік ресейлік тіркеуде.
ҚР ҚК-нің 202-бабы 2-бөлігі («Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Осы баптың санкциясы 2 мың АЕК-ке (6 миллион 900 мың теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл түріндегі жазаны не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, полицейлер көліктің жанынан пластикалық бензин бөтелкесі мен қамыс тапқан. Ал судья көлігін кім өртеуі мүмкін екенін болжай алмады.
Қазір бұл мәселе бойынша ешқандай ақпарат бере алмаймын. Өйткені менде тергеу әрекеттері туралы ақпарат жоқ. Екіншіден, ақпарат ресми түрде берілсе де сізге ешқандай түсінік бере алмаймын. Бұл көлік – отбасымыздың мүлкі, – деді ол тілшілерге.
Айта кетсек, Ілияс Іргебаев Жаңақала аудандық сотының судьясы қызметіне 2021 жылы 27 ақпанда тағайындалған.