×

СҚО-да мәйіт осымен үшінші рет жерленді: мүрдеге эксгумация жасалды

Бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды

 Самат Жақып 20.04.2022 | 17:32
фото: facebook

Солтүстік Қазақстан облысында белгісіз біреулер мәйітті қазып алып, басқа жерге көмген. Бұл оқиға Ғабит Мүсірепов ауданының орталығы Новоишим елді мекенінде болған. Марқұмның ұлы мұндай әрекетке жергілікті кәсіпкерлердің бірі баруы мүмкін екенін айтады.

Былтыр қыркүйек айында Новоишим ауылының тұрғыны Игорь Лазаревтің әкесі қайтыс болған. Марқұмның денесі туған-туыстары жатқан ауыл маңындағы зиратқа жерленген. Ал бұл жергілікті кәсіпкерлердің біріне ұнамай қалған көрінеді. Себебі Игорьдің әкесі кәсіпкердің ұлы (марқұм) жатқан жерге жерленген екен. Ол ұлы жерленген аумақты абаттандырып, еңселі скерткіш орнатқан.

Кәсіпкер Игорьға талай рет ескерту жасап, әкесін басқа жерге жерлеуін талап еткен. Баласы оған қарсы шыққан соң, бәз біреулер мүрдені ешкімнің рұқсатынсыз қазып алып, басқа жерге көміп тастаған. Оны бейіт басына келген Игорь жақында ғана байқапты.  

Бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, полиция қызметкерлері марқұмның табытын қайта көтеріп, эксгумация жасады. Өйткені, Игорь қайта жерленген мәйіт әкесінікі екендігіне толық көз жеткізгісі келген.

Мен енді әкемнің денесі нақты қай көрде жатқанын білмеймін. Марқұмның аты-жөні жазылған ағаш белгі басқа жерде қадалып тұрды. Бірінші рет жерлеген орын мен қазіргі қабірдің арасы 6 метр. Күмәнім бар. Сондықтан эксгумация жасауды сұраттыым, - дейді Новоишим ауылының тұрғыны Игорь Лазарев.

Эксгумация жасалған сәтте аумақ қоршауға алынды. Әкесінің сүйегін үшінші мәрте жерлеген Игорь Лазарев енді заңгерлердің көмегіне жүгінбек.

Ал Игорьдың «әкесінің көрін қазып алды» делінген кәсіпкер БАҚ өкілдерімен кездесіп, сұқбат беруден бас тартты.

Жергілікті әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, бұл зираттың иесі жоқ. Қараусыз. Мәйітті кімнің қазып алғаны, мұндай әрекетке кімнің барғаны әзірге белгісіз. Оның бәрі тергеу барысында анықталатын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама